2027 жылы Қазақстанда ең жоғары декреттік төлем мөлшері 29 пайызға өседі

Редакция
24 қараша 2026, 11:06
2027 жылы Қазақстанда ең жоғары декреттік төлем мөлшері 29 пайызға өседі Сурет авторы: ЖИ иллюстрациясы/newtimes.kz

2027 жылы Қазақстанда жүктілікке және босануға байланысты берілетін ең жоғары біржолғы әлеуметтік төлем мөлшері 29,4 пайызға өседі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 126 күндік стандартты декреттік демалыс кезіндегі төлем сомасы 2,5 миллион теңгеден 3,23 миллион теңгеге дейін (міндетті зейнетақы жарналарын шегергенге дейін) ұлғаяды. Бұл өзгеріс елімізде ең төменгі жалақы (ЕТЖ) мөлшерінің 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін өсуімен тікелей байланысты.

Декреттік төлем көлемі әйелдің соңғы 12 айдағы орташа айлық табысы мен демалыс ұзақтығына қарай анықталады. Заң бойынша есепке алынатын ең жоғары табыс 7 ең төменгі жалақымен шектеледі. Егер 2026 жылы бұл шек 595 мың теңге болса, 2027 жылы 770 мың теңгеге жетеді. Осыған орай, ең жоғары төлемдер мынадай мөлшерде болады:

  • қалыпты босану кезінде (126 күн, коэффициент 4,2) - 2,5 млн теңгеден 3,23 млн теңгеге дейін;

  • асқынған босану немесе егіз және одан да көп бала туғанда (140 күн, коэффициент 4,67) - 2,78 млн теңгеден 3,6 млн теңгеге дейін.

Аталған сомалардан 10 пайыз міндетті зейнетақы жарнасы ұсталады.

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төленетін бұл қаражатқа өзі үшін әлеуметтік аударымдар жасалған ресми жұмыс істейтін әйелдер, жеке кәсіпкерлер және жеке практикамен айналысатын тұлғалар үміткер бола алады. Төлем жүктіліктің 30-аптасында берілетін еңбекке жарамсыздық парағы негізінде рәсімделеді және оны 12 ай ішінде өтініш беріп алуға болады. Ядролық сынақ аймақтарында тұратын әйелдер үшін жоғары коэффициенттер қарастырылған.

Сонымен қатар министрлік Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс берушілер өз қызметкерлерінің табыс айырмашылығын өз еркімен өтеп бере алатынын еске салды. Бұрын декреттік демалысты толықтай жұмыс беруші төлеген кезде еңбек нарығында әйелдерді жұмысқа алудан қашу немесе оларды ертерек жұмыстан шығару сияқты жасырын кемсітушілік жиі кездесетін. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі осы мәселені шешуге мүмкіндік берді.

Келесі жылдан бастап бала 1,5 жасқа толғанға дейінгі күтім бойынша жәрдемақы алатын әйелдердің зейнетақы жарналарын мемлекет субсидиялауды тоқтатады. Алайда әлеуметтік төлемдердің өзінен 10 пайыз зейнетақы жарнасы бұрынғыдай ұстала береді.

Бұдан бөлек, 2027 жылы мұқтаждық критерийлерінің енгізілуіне байланысты жұмыс істемейтін кейбір әйелдер бала күтіміне арналған жәрдемақыдан қағылуы мүмкін. Құрылтай депутаты Ләззат Қожахметтің айтуынша, бұл өзгеріс шамамен 11 мыңға жуық анаға әсер етуі ықтимал. Ал ресми жұмыс істейтін әйелдер отбасының материалдық жағдайына қарамастан сақтандыру төлемдерін толық ала береді.

Соңғы жаңалықтар