Қазақстан медицинасында ірі өзгерістер болады: Құрылтай жаңа заң жобасын мақұлдады

Редакция
25 қараша 2026, 12:21
Қазақстан медицинасында ірі өзгерістер болады: Құрылтай жаңа заң жобасын мақұлдады Сурет авторы: depositphotos.com

Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін ауқымды өзгерістер күтіп тұр. Құрылтай депутаттары «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Құжатты таныстырған Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, бұл түзетулер медициналық технологиялардың қарқынды дамуы мен медициналық қызмет көрсету аясын кеңейту қажеттілігінен туындап отыр.

Негізгі өзгерістер қандай?

  • Медицинаны цифрландыру: Елімізде рентген, компьютерлік томография (КТ) және МРТ зерттеулерінің нәтижелерін сақтайтын бірыңғай жүйе құрылмақ. Бұл Астана мен Алматыдағы республикалық орталықтардың білікті мамандарына аудандық ауруханаларда тексерілген науқастардың деректерін қашықтан көруге мүмкіндік береді. Нәтижесінде науқастар бір тексеруден қайта-қайта өту машақатынан құтылады. Сонымен қатар азаматтардың медициналық деректерін қорғау талаптары күшейтіледі.

  • Ғылым мен жаңа технологиялар: Ғылыми ұйымдар, ауруханалар мен отандық өндірушілер арасындағы байланыс нығайып, биомедициналық зерттеулердің бірыңғай ақпараттық жүйесі іске қосылады. Зерттеу жүргізуге рұқсат беру тәртібі жеңілдеп, бақылау тетіктері жетілдіріледі.

  • Медициналық туризм: Заңнамаға «медициналық туризм» ұғымы енгізіліп, Қазақстанға емделуге келетін шетел азаматтарына қызмет көрсету және оларды сүйемелдеу тәртібі реттеледі. Вице-министр бұл қадам отандық клиникаларға қосымша инвестиция тартуға жол ашатынын, дегенмен қазақстандықтар үшін медициналық көмектің қолжетімділігі басты басымдық болып қала беретінін атап өтті.

  • Медициналық бұйымдардың қауіпсіздігі: Медициналық мақсаттағы бұйымдарды өндіру, елге әкелу және қолдану ережелері халықаралық стандарттарға сай нақтыланады. Сапасыз және жалған медициналық өнімдерді анықтап, айналымнан алып тастау шаралары қатаңдатылады.

  • Науқас құқығы және электронды құжаттар: Бұдан былай науқастар медициналық көмек алуға келісімін қағаз түрінде ғана емес, электронды форматта да бере алады. Ал күрделі оталар мен медициналық араласуларға міндетті келісім алу тәртібі сол күйі сақталады. Сондай-ақ азаматтардың өз денсаулығы туралы толық ақпарат алу және емделуден бас тарту құқықтары қорғалады.

Бұдан бөлек, жаңа ауруханалар мен емханалар салу кезінде өңірлердегі халық саны мен медициналық көмекке деген нақты қажеттілік ескерілетін болады. Заң жобасында мектептер мен балабақшаларда медициналық көмек көрсетудің бірыңғай тәртібін бекіту, ағзалар мен тіндерді трансплантациялау мәселелерін нақтылау және мемлекеттік шекарадағы санитарлық бақылауды реттеу нормалары да қамтылған.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда балалардағы қан тамырлары патологиясын емдеудің жаңа технологиясы енгізіліп жатқаны хабарланған болатын.

Соңғы жаңалықтар