$ 441.89 € 502.56 ₽ 5.19
2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы жалпыұлттық аза тұту күні

Қорғаныс министрлігінің бес жоғары лауазымды шенеунігі тұтқындалды

Редакция
25 қыркүйек 2026, 13:48
Қорғаныс министрлігінің бес жоғары лауазымды шенеунігі тұтқындалды Сурет авторы: Кадр из видео

Каспий теңізінде «Хазар Қорғаны - 2026» әскери оқу-жаттығуы кезінде орын алған сарбаздардың өліміне байланысты Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу басқармасы ауқымды тұтқындау шараларын бастады. Қызметке салғырт қарап, кеме жүргізу ережелерін өрескел бұзды деген күдікпен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жоғары және аға қолбасшылық құрамының бес жауапты тұлғасы ұсталды.

ІІМ таратқан мәліметке сүйенсек, күдіктілер қатарында Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары - Штаб бастығы, екі әскери бөлімнің командирі, сондай-ақ теңіз жаяу әскері ротасы мен катер командирі бар. Олардың барлығы ресми түрде күдікті деп танылып, Ақтау қалалық Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Тергеу анықтағандай, 24 қыркүйекте Ақтау қаласынан 43 шақырым жерде өтіп жатқан оқу-жаттығу кезінде «Қайсар» катерінен жеке құрамды түсіру барысында ауа райы күрт бұзылған. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан бұйрық беріліп, салдарынан сарбаздарды ашық теңізге ағыс алып кеткен. Қазіргі уақытта мамандар әскери тапсырманы ұйымдастыру кезіндегі шешімдердің заңдылығын, қауіпсіздік талаптарының сақталуын және катердің техникалық жағдайын егжей-тегжейлі тексеріп жатыр.

Бұл қайғылы оқиғаға байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына көңіл айтып, мән-жайды толық анықтауды тапсырды. Премьер-министр Олжас Бектеновтің өкімімен Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған Үкіметтік комиссия құрылды. Істің барысы Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураның тікелей әрі ерекше бақылауында.

Сонымен қатар қайғылы жағдайдан кейін облыстық ауруханаға түскен сарбаздың жағдайы тұрақталғаны хабарланды. Ал қаза тапқан әскерилердің сүйектері Орал қаласына жеткізілді. Еске сала кетейік, 25 қыркүйек Қазақстанда Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

Соңғы жаңалықтар