Жарты миллионнан астам үй тексеріліп, 3,5 мың үй-күйсіз азамат анықталды: ІІМ рейд қорытындысын жариялады

Редакция
16 қараша 2026, 09:59
Жарты миллионнан астам үй тексеріліп, 3,5 мың үй-күйсіз азамат анықталды: ІІМ рейд қорытындысын жариялады Сурет авторы: depositphotos.com

5 қазан мен 5 қараша аралығында құқық қорғау органдары көші-қон заңнамасын бұзудың 42 мыңға жуық дерегін тіркеді. Оның аясында тоғыз мыңға жуық шетелдік жауапкершілікке тартылып, тұрақты мекенжайы жоқ 3,5 мыңнан астам адам полиция бөлімшелеріне жеткізілді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

«Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында тәртіп сақшылары 576 мың тұрғын үй мен өзге де нысанды тексеріп шықты. Негізгі назар жалдамалы пәтерлерге, саяжайларға, тұрмысы қолайсыз отбасылар мен профилактикалық есепте тұрған азаматтарға аударылды. Бір ай ішінде тұрғындармен 12 мыңнан аса кездесу өткізіліп, 398 мыңға жуық жадынама таратылды. Ал азаматтардан 4,5 мың өтініш пен ұсыныс келіп түскен.

Сонымен қатар полицейлер 100 мыңнан астам қару иесін тексеріп, 1,5 мың заңбұзушылықтың алдын алды және тіркелмеген 195 қаруды тәркіледі.

«Жетісу облысында полицейлер ішімдікке салынған ер адамның емделіп, өмір салтын өзгертуіне көмектесті. Қазір ол жұмысқа орналасты. Ал Абай облысында ата-аналық міндетін тиісінше орындамаған отбасылар анықталды. Балалар бейімдеу орталығына орналастырылып, ата-аналарға қатысты шара қолданылды», – делінген министрлік хабарламасында.

Шекарадағы 48 автомобиль өткізу пунктінің маңында тәулік бойы полиция бекеттері жұмыс істейді. Жыл басынан бері ІІМ қызметкерлері қосымша жанармай багін заңсыз орнатудың 595 жағдайын әшкереледі. Мұндай заңбұзушылықтар ең көп тіркелген өңірлер:

  • Жамбыл облысы – 386 дерек;

  • Түркістан облысы – 119 дерек;

  • Қостанай облысы – 80 дерек.

Жүргізушілерге айыппұл салынып, қосымша бактер алынып тасталды, ал көліктер иелеріне қайтарылды.

1 қыркүйектен бастап елімізде 26 мыңнан астам заңсыз жазу өшіріліп, сегіз мыңнан аса адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Вандализм және есірткі жарнамалайтын граффити салу деректері бойынша жеті сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Бұдан бөлек, жыл басынан бері рейдтер кезінде 1724 стихиялық қоқыс орны анықталып, оның 1435-і толық жойылды.

Соңғы жаңалықтар