«Заң бәріне ортақ»: белсенді «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларының ұсталуына қатысты пікір білдірді

Редакция
12 қараша 2026, 14:50
«Заң бәріне ортақ»: белсенді «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларының ұсталуына қатысты пікір білдірді Сурет авторы: Самұрық-Қазына

Журналист Жазира Бегалы «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басшыларының ұсталуына қатысты пікір білдірді. Ол әлеуметтік желідегі жазбасында бұл оқиғаны «Заң мен тәртіп» қағидатының жүзеге асуымен байланыстырды.

«Негізі, бұл – қарапайым қызметкерлердің ұсталуы емес. Әңгіме экономикамызда айрықша орны бар екі ірі ұлттық компанияның басшылары туралы. Меніңше, бұл оқиға «Заң мен тәртіп» қағидатының іс жүзінде жүзеге асып жатқанын көрсетеді», – деп жазды Жазира Бегалы.

Журналистің пікірінше, мемлекеттік қызметтегі адамның лауазымы мен бұрынғы еңбегі оны заң алдындағы жауапкершіліктен босатпауы керек.

«Заң бәріне ортақ. Мемлекет үшін лауазымды тұлғаның мәртебесінен заңның үстемдігі маңызды», – деді ол.

Жазира Бегалы бұл жағдайды Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұстанымымен де байланыстырды. Оның пайымдауынша, мемлекет басшысының жемқорлыққа төзбеу және мемлекеттік мүддені жеке бастың пайдасынан жоғары қою туралы ұстанымы осы оқиғадан көрініс тауып отыр.

Еске салайық, Ұлттық қауіпсіздік комитеті 11 қарашада «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Елжас Отыншиевтің жемқорлық қылмысына күдікпен ұсталғанын растады. Олармен бірге өзге адамдар да ұсталған. Қазір тергеу жүріп жатыр, істің басқа мән-жайы жарияланған жоқ.

Әзірге аталған тұлғалардың кінәсі сот үкімімен дәлелденген жоқ.

Соңғы жаңалықтар