Ағзаны үнсіз бұзатын дерт Алматылық дәрігерлер қант диабетінің қауіпті белгілерін атады

Редакция
12 қараша 2026, 14:58
Ағзаны үнсіз бұзатын дерт Алматылық дәрігерлер қант диабетінің қауіпті белгілерін атады Сурет авторы: depositphotos.com

Қант диабеті адам ағзасын жылдар бойы ешқандай айқын белгісіз іштей күйретуі мүмкін. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте алматылық эндокринолог дәрігерлер осы қауіпті дертті ерте кезеңде анықтау жолдары мен алғашқы дабыл белгілерін атап өтті.

Халықаралық диабет федерациясының дерегінше, әлемде 20 мен 79 жас аралығындағы 589 миллион адам осы аурумен өмір сүріп жатыр - бұл жер шарындағы әрбір тоғызыншы тұрғын деген сөз. Ең сорақысы, олардың шамамен 252 миллионы өз бойында мұндай дерт барынан мүлде бейхабар.

Онымен толыққанды өмір сүруге болады

Дәрігерлердің айтуынша, қант диабетінің ең басты қаупі - оның жасырын дамуында. Адам өзін мүлде сау сезініп жүргенімен, қандағы глюкозаның жоғары деңгейі ағзаны біртіндеп зақымдай береді.

Алматыдағы №7 қалалық аурухананың эндокринологы Светлана Казарян соңғы бір ғасырда медицина бұл дертпен күресте үлкен жетістікке жеткенін атап өтті. Жүз жылдан астам уақыт бұрын инсулиннің ашылуы миллиондаған адамның өмірін сақтап қалды. Бұрын бірінші типтегі диабет өлім үкімімен тең болса, бүгінде науқастар ондаған жылдар бойы қалыпты өмір сүріп, мансап құрып, отбасын құра алады.

№28 қалалық емхананың эндокринологы Айман Ошанова аурудың дамуын білдіретін негізгі белгілерді тізіп берді:

  • үнемі шөлдеу және ауыздың құрғауы;

  • дәретханаға жиі бару (әсіресе түнгі уақытта);

  • тәбеттің шамадан тыс артуы, бірақ соған қарамастан адамның себепсіз салмақ тастауы;

  • үнемі әлсіздік сезіну және тез шаршау.

Бұдан бөлек, көру қабілетінің нашарлауы, денедегі жаралардың ұзақ уақыт жазылмауы, сондай-ақ тері және зең инфекцияларының жиі қайталануы да дәрігерге қаралуға тікелей себеп болуы тиіс.

Маманның сөзінше, екінші типтегі диабеттің бастапқы кезеңінде ешқандай белгі білінбеуі мүмкін. Адам әдеттегідей өмір сүре береді, ал бұл уақытта жоғары қант қан тамырларын, бүйректі, көз бен жүйке жүйесін зақымдайды. Сондықтан профилактикалық тексерулерді елемеуге болмайды.

Дәрігерлер кеңесі

Медицина мамандары екінші типтегі диабеттің алдын алу үшін салауатты өмір салтын ұстануға кеңес береді. Ол үшін:

  • теңдестірілген тамақтану рационын сақтау;

  • тәтті сусындар мен құрамында қанты көп өнімдерді барынша азайту;

  • дене салмағын бақылауда ұстау және тұрақты түрде спортпен шұғылдану;

  • темекіден бас тарту, қан қысымын қадағалау және медициналық тексеруден уақытылы өту қажет.

Айта кетейік, бұған дейін Дания ғалымдары екінші типтегі диабет кезінде қандағы қант мөлшерінің бұзылуынан бөлек, адамда тамақты шектен тыс көп жеу (шамадан тыс тою) ұстамалары да байқалуы мүмкін екенін анықтаған болатын.

Соңғы жаңалықтар