Қазақстан ажырасудан әлем бойынша екінші орында тұрғаны рас па

Редакция
12 қараша 2026, 13:00
Қазақстан ажырасудан әлем бойынша екінші орында тұрғаны рас па Сурет авторы: depositphotos.com

Қазақстанға жылдар бойы өзге елдің антирекорды телініп келген. Еліміз Мальдив аралдарынан кейін ажырасу саны бойынша әлемде екінші орында тұр деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Дегенмен ресми статистика соңғы жылдары республикада неке бұзу деректерінің расымен көбейгенін көрсетіп отыр.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстанда 22,5 мың ажырасу тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,5 пайызға артық.

«Екінші орын» туралы аңыз қайдан шықты?

Атышулы рейтинг тарихы 2023 жылдың ақпанында басталған. Ол кезде норвегиялық Advokatsmart заң компаниясы Қазақстанды 1000 тұрғынға шаққанда 4,6 ажырасу көрсеткішімен әлемдік тізімнің екінші сатысына қойған еді. Кейін бұл деректі World Population Review секілді халықаралық платформалар іліп әкетті. Алайда олар бұл цифрдың қай жылға тиесілі екенін де, бастапқы дереккөзін де көрсетпеген.

2024 жылдың наурызында Ұлттық статистика бюросы ресми хат жолдағаннан кейін, World Population Review сайтындағы Қазақстанның көрсеткіші 1000 адамға шаққанда 2 ажырасу (2023 жылғы дерек) болып түзетілді. Бұл - әлемдік тізімдегі екінші емес, шамамен 15-орын.

Ел ішіндегі жағдай: ажырасу өсіп жатыр

Халықаралық рейтинг қате болғанымен, елімізде отбасы институтының әлсіреуі байқалады:

  • 2023 жылы - 40,2 мың неке бұзылды;

  • 2025 жылы - 45,7 мың ажырасу тіркелді (өсім 12,7%);

  • 2026 жылдың алты айында - 22,5 мың отбасы екіге кетті.

Дегенмен бұл көрсеткіштер 2019 жылғы рекордтық деңгейге әлі жеткен жоқ. Ол жылы 59,8 мың неке бұзылып, 1000 тұрғынға шаққандағы коэффициент 3,2-ні құраған болатын.

Нақты есеп бойынша Қазақстан нешінші орында?

Сарапшылар әділ баға беру үшін 15 жастан асқан халықтың санына шаққандағы көрсеткішті 66 ел бойынша салыстырған (себебі Қазақстанда халықтың 29%-ы - некеге тұрмайтын 15 жасқа дейінгі балалар). Бұл әдіс бойынша Қазақстан 14-орынға тұрақтады (1000 адамға 2,9 ажырасу). Ал көш басында Ресей (5,8), Молдова (4,9), Грузия (4,7) және Беларусь (4,4) тұр.

Тіпті тұрмыстағы әйелдердің санына шаққанда да (1000 әйелге 10,8 ажырасу), Қазақстандағы жағдай Ресейге (21,1) қарағанда екі есе төмен және Латвия, Эстония, Швеция, АҚШ секілді елдерден кейінгі орында.

Қай өңірде жиі ажырасады?

2025 жылдың қорытындысы бойынша 15 жастан асқан 1000 тұрғынға шаққанда ең жоғары көрсеткіш мына үш облыста тіркелді:

  • Қарағанды облысы - 4,4;

  • Павлодар облысы - 4,4;

  • Солтүстік Қазақстан облысы - 4,1.

Ең төменгі деңгей Түркістан облысында (1,6), Алматы облысында (2,3) және Шымкент қаласында (2,7) байқалды. Ал жалпы саны жағынан Алматы (5 мың) мен Астана (4,2 мың) көш бастап тұр.

Сонымен қатар сарапшылар ресми статистикаға тек заңды тіркелген некелер енетінін еске салады. Ал халық санағы бойынша елде шамамен 460 мың әйел азаматтық (тіркелмеген) некеде тұрады, олардың айырылысуы есепке алынбайды.

Соңғы жаңалықтар