Қазақстанда бала туу көрсеткіші бесінші жыл қатарынан төмендеп келеді

Редакция
12 қараша 2026, 11:17
Қазақстанда бала туу көрсеткіші бесінші жыл қатарынан төмендеп келеді Сурет авторы: shyndyk/AI generated

Қазақстанда бала туу деңгейі пандемиядан кейін бесінші жыл қатарынан төмендеп келеді. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 2026 жылдың қаңтар - қыркүйек айларында елімізде 226 990 сәби дүниеге келген. Бұл көрсеткіш 2025 жылдың сәйкес кезеңінде 249,3 мыңды, ал 2024 жылы 278,7 мыңды құраған еді. Осылайша, екі жыл ішінде тоғыз айдағы нәрестелер саны 51,7 мыңға немесе 18,6 пайызға азайды.

Халықтың 1000 адамына шаққандағы жалпы туу коэффициенті 14,74-ке дейін түскен. Салыстыру үшін айтсақ, 2023 жылдың тоғыз айында бұл көрсеткіш 19,54, 2024 жылы 18,47, ал 2025 жылы 16,35 болған.

Төмендеу үрдісі бес жылдан бері жалғасуда. Ең жоғары көрсеткіш 2021 жылы тіркеліп, елде 446,4 мың бала өмірге келген. Одан кейінгі жылдары бұл сан біртіндеп кеми бастады: 2022 жылы - 403,9 мың, 2023 жылы - 388,4 мың, 2024 жылы - 365,9 мың, ал 2025 жылы 335 мың бала туған. Төрт жыл ішінде жылдық туу саны 25 пайызға қысқарды. Егер қазіргі қарқын жыл соңына дейін сақталса, 2026 жылдың қорытындысы бойынша жаңа туған сәбилер саны 310 мыңнан да төмен түсуі мүмкін.

Мамандар қазіргі құлдырауды коронавирус пандемиясы кезіндегі туу көрсеткішінің күрт өсуінен кейінгі қалыпқа келу процесімен байланыстырады. 2020 жылдың наурызында енгізілген төтенше жағдай, карантин, қашықтан оқу мен жұмыс істеу режимі 2021 жылға дейін созылған болатын.

Дәл осы кезеңде ел тарихындағы ең жоғары туу рекорды орнады. 2020 жылы 426,8 мың, ал 2021 жылы 446,4 мың сәби дүниеге келіп, пандемияға дейінгі 2019 жылғы деңгейден шамамен 11 пайызға асып түсті. Алайда шектеулер алынып, азаматтар қалыпты жұмыс кестесіне оралған соң, туу көрсеткіші қайта төмендеп, 2025 жылға қарай 2019 жылғы межеден де түсіп кетті.

Qazaq Expert Club сарапшысы Нұржамал Иминованың пікірінше, 2025 жылы Қазақстандағы туу деңгейі соңғы 11 жылдағы ең төменгі шекке жетті. Бұған бірнеше маңызды фактор әсер етіп отыр.

Біріншіден, жаһандық үрдіс байқалады: әйелдер білім алу, мансап құру және қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізу үшін ана атануды кейінге шегеруде. Сарапшының мәліметінше, аналардың орташа жасы 29,9 жасқа дейін өскен, ал тұңғыш сәбиін әйелдер орта есеппен 25,3 жаста босанады.

Екіншіден, экономикалық тұрақсыздық, жұмыстан айырылып қалу қаупі және ана болу мен қызметті қатар алып жүрудің қиындығы шешім қабылдауға ықпал етеді. Икемді жұмыс кестесі мен декреттік демалыстан кейінгі қолдау бағдарламалары сирек кездеседі, ал бала күтіміне қатысты негізгі жүктеме әлі де әйелдердің мойнында. Сонымен қатар урбанизация мен 1990-жылдары дүниеге келген ұрпақ санының аздығы сияқты демографиялық факторлар да әсер етуде.

Сарапшының бағалауынша, Қазақстандағы отбасын қолдау жүйесі Орталық Азиядағы ең дамыған үлгілердің бірі саналғанымен, бұл үрдісті өзгертуге тек ақшалай жәрдемақы жеткіліксіз. Ол үшін қолжетімді балабақшалар, сапалы медицина, отбасындағы міндеттерді тең бөлу және қоғамдық көзқарасты өзгертуді қамтитын кешенді тәсіл қажет.

Соңғы жаңалықтар