51 тың бастама: Қазақстан Халық Кеңесінде қоғамдық бақылауды күшейту тетіктері талқыланды

Редакция
12 қараша 2026, 19:44
51 тың бастама: Қазақстан Халық Кеңесінде қоғамдық бақылауды күшейту тетіктері талқыланды

Бүгін Қазақстан Халық Кеңесі жанындағы Қоғамдық бастамаларды дамыту комитетінің Азаматтық қатысу және волонтерлік мәселелері жөніндегі комиссиясы кезекті отырысын өткізді. Жиын барысында азаматтық қоғамның рөлін арттыруға және қоғамдық бақылауды жаңа деңгейге көтеруге бағытталған 51 нақты бастама мен ұсыныс қаралды.

Комиссия қоржынына түскен ұсыныстар заңнамалық өзгерістерден бастап, мемлекеттік институттардың жұмысын жетілдіру мен нақты әлеуметтік жобаларды іске асыруға дейінгі ауқымды салаларды қамтиды.

Отырыста қоғамдық бақылаудың пәрменділігін арттыру мәселесіне басымдық берілді. Алтынай Көбеева мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар арасындағы байланысты нығайту тетіктерін ұсынды. Атап айтқанда, қоғамдық ұсынымдар мен олардың орындалу нәтижелері бойынша жария есеп беру жүйесін енгізу және шенеуніктердің кері байланыс орнатудағы жауапкершілігін күшейту көзделіп отыр.

Жиында Нұржан Жақупов тәуелділіктен зардап шегетін азаматтарға көмек көрсететін жеке оңалту орталықтарының қызметін заңнамалық тұрғыда қатаң реттеу мәселесін көтерді. Ол мұндай мекемелердің жұмысына, мамандардың біліктілігі мен қызмет сапасына ортақ стандарттар енгізіп, емделушілердің құқықтарын қорғауды күшейту қажеттігін алға тартты.

Әлеуметтік салаға қатысты Гауһар Акижанова ерекше қолдауды қажет ететін балаларды ведомствоаралық сүйемелдеудің бірыңғай жүйесін құру бастамасын таныстырды. Бұл тетік денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау органдарының өзара үйлесімді жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп, отбасыларға уақтылы көмек көрсетуге жол ашады. Ал Ақнұр Тұрдалиева балалар қоғамдық ұйымдарының құқықтық мәртебесін нақтылап, олардың мектептер мен мемлекеттік органдармен әріптестігін кеңейтуді ұсынды.

Сонымен қатар жиынға қатысушылар «Үкіметтік емес ұйымдар туралы» заң жобасын талқылап, волонтерлікті ілгерілету мен «Таза Қазақстан» экологиялық бастамаларын қолдау жайын пысықтады.

Отырыс қорытындысы бойынша барлық ұсыныстар жинақталып, Қоғамдық бастамаларды дамыту комитеті аясында терең сараптамалық талдауға жолданатын болды.

Соңғы жаңалықтар