$ 511.37 € 583.73 ₽ 6.46

Тоқаев Астана халықаралық форумында не айтты?

Редакция
29 мамыр 2025 11:40 73
Тоқаев Астана халықаралық форумында не айтты? Сурет авторы: Ақорда

Бүгін Астана халықаралық форумында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пленарлық сессияда маңызды баяндама жасады. Президент сөзінде әлемдік саясаттан бастап, экономикалық реформаларға, қауіпсіздік пен климат мәселелеріне дейінгі кең ауқымды тақырыптар қамтылды.

Қақтығыстар мен жаһандық қауіпсіздік

Тоқаев әлемде қақтығыстар мен соғыс ошақтары көбейіп, былтырғы дерек бойынша 52 мемлекет қарулы қақтығыс жағдайында тұрғанын айтты. Экономикалық шығын – 19 триллион доллар немесе әлемдік ІЖӨ-нің шамамен 13,5%-ы. Президент ядролық қару қатеріне ерекше тоқталды: бүгінде 9 елдің қолында 13 мың ядролық оқтұмсық бар, ал бір ғана жарылыстың салдары жаһандық климаттық апатқа әкелуі мүмкін. Қазақстан өз еркімен ядролық арсеналдан бас тартқанын және жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау жолындағы күресін жалғастыратынын атап өтті.

"Дегенмен осы сандардың арғы жағындағы ахуал одан да қорқынышты: қазіргі қақтығыстар анағұрлым ұзақ әрі күрделі сипатқа ие. Оған көптеген «ойыншылар», тіпті, ешқандай мемлекетке қатысы жоқ топтар араласады", – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Жасанды интеллект пен прогресс дәуірі

Президент соғыс пен қақтығыстардың жасанды интеллект дәуіріне мүлдем үйлеспейтінін айтып, адамзатты ағартушылық пен өркениет жолына шақырды. «Соғысу емес, прогреске жұмылу керек», – деді ол.

Қазақстандағы саяси реформалар

Тоқаев соңғы жылдардағы реформаларды еске салды: суперпрезиденттік жүйеден бас тарту, Президент өкілеттілігін бір реттік 7 жылдық мерзіммен шектеу, Парламенттің жаңаруы, азаматтық қоғамды кеңейту, әйелдер мен жастарға квота енгізу – бәрі әділетті және есеп беретін басқару жүйесін құруға бағытталған.

"Президент – халықтың белгілі бір мерзімге, біздің жағдайымызда жеті жылға жалдаған менеджері", – деді Тоқаев.

Экономикалық серпін мен технология

Былтыр Қазақстан экономикасы 5,1% өсіп, тікелей шетелдік инвестиция рекордтық деңгейге жеткен. Енді елдің мақсаты – Еуразиядағы жетекші IT хабына айналу, жасанды интеллект пен суперкомпьютерлерді дамыту, криптовалюталарды қолдануға мүмкіндік беретін CryptoCity жобасын іске қосу. Президент адам капиталына инвестиция салып, жастардың әлеуетін арттыруды негізгі басымдық деп атады.

Климат және энергетика

Қазақстан әлемдік уран қорының 40%-ына ие ел ретінде атом энергетикасын дамытуға мүдделі. Алайда Президент климат дағдарысы шешілмей, орнықты даму болмайтынын баса айтты. Еліміз Орталық Азиядағы климат мәселелері бойынша өңірлік күн тәртібін ілгерілетіп, 2026 жылы БҰҰ-мен бірге экологиялық саммит өткізуді жоспарлап отыр.

БҰҰ реформасы және әділетті әлемдік тәртіп

Тоқаев БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын кеңейту қажеттігін қолдайтынын, әсіресе, әлемнің әр өңірінен өкілдік болуы керектігін айтты.

«Миллиардтаған адамның тағдырына әсер ететін шешімді бірнеше елдің ғана қабылдауы дұрыс емес», – деді Президент.

Форум мәні – ынтымақтастық пен ашық диалог

Президент Астана форумын түрлі пікір, тәжірибе және көзқарастар тоғысатын алаң ретінде бағалап, қатысушыларды мазмұнды әрі батыл пікірталасқа шақырды.

Соңғы жаңалықтар