Алматы облысы Жібек жолы ауылында орналасқан «АзияАгроФуд» АҚ-ның құрамажем зауытында жарылыс болып, бір адам қаза тауып, тағы үшеуі ауыр жарақат алды. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 23 мамырда тоғыз қабатты элеватор ғимаратының бірінші қабатында астық қалдықтарының шаң-ауа қоспасы жарылып, цех аумағында өрт шыққан. Оқиға орнына Алматы және облыс бойынша 100 құтқарушы мен әкімдік қызметкерлері жұмылдырылып, өрт толық сөндірілді. Жалын шарпыған аумақ көлемі – 1377 шаршы метр. Қазіргі таңда өрттің нақты себебін анықтау үшін арнайы зертханалық сарапшылар жұмыс істеп жатыр.
Ауруханаға жеткізілген төрт адамның бірі, 49 жастағы ер адам, 24 мамырда көз жұмды. Қалған үш зардап шеккен азамат жансақтау бөлімінде жатыр. Олардың денесінің 70-80%-ын күйік шалған.
«Жағдайлары өте ауыр, толық көлемде интенсивті ем-дом көрсетіліп жатыр. Облыстық комбустиологтар кеңес беріп, арнайы бақылауға алған», – деп мәлімдеді басқарма.
Зардап шеккендерге психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Ал зауыт басшылығы ішкі тексеріс бастағанын хабарлады.
«Компания қызметкерлерінің денсаулығы мен амандығы – басты назарда, біз зардап шеккендер мен олардың отбасыларымен тұрақты байланыстамыз», – деп мәлімдеді зауыт басшылығы.