$ 511.37 € 583.73 ₽ 6.46

Сот: "Болашақ" түлегі міндетті еңбек өтемін Қазақстанда атқаруы керек

Редакция
22 мамыр 2025 11:10 90
Бағдарлама түлегі еңбек өтемін шетелден онлайн өтеуді сұраған
Сот: "Болашақ" түлегі міндетті еңбек өтемін Қазақстанда атқаруы керек Сурет авторы: freepik

ҚР Конституциялық соты "Болашақ" халықаралық бағдарламасы түлегінің өтінішін қарады. Ол шетелден онлайн форматта отан алдындағы міндетті еңбек өтемін орындауға рұқсат беру мүмкіндігін көтерген.

Өтініш иесі еліміздің Еңбек кодексінде қашықтан жұмыс істеу құқығы қарастырылғанын алға тартып, "Болашақ" бағдарламасы түлектерінің де Қазақстанда физикалық түрде болмастан, отандық ұйымдарда қашықтан еңбек ету мүмкіндігін қарастыруды ұсынған. Осыған байланысты ол "Болашақ" стипендиясына үміткерлерді іріктеу ережесінің тиісті тармағын Конституцияға сәйкестігін тексеруді сұраған.

Алайда Конституциялық сот бұл талапты қарауға негіз жоқ деп тапты.

— "Болашақ" бағдарламасы бойынша оқу тараптардың өзара келісімі негізінде жасалатын азаматтық шартпен реттеледі. Бұл келісім шартқа қол қоймас бұрын тараптардың өз еркімен міндеттемелерді қабылдауын көздейді. Олардың бірі – оқу аяқталғаннан кейін Қазақстан аумағында еңбек өту талабы. Бұл ереже тек ережеде ғана емес, "Білім туралы" заңнан да туындайды, – деп түсіндірді Конституциялық сот.

Осылайша, "Болашақ" бағдарламасы бойынша оқу мен міндетті еңбек өтемі — бір-бірімен тікелей байланысты келісім аясында жүзеге асады. Сот онлайн форматтағы еңбек өтеу нұсқасын заң аясында қарауға негіз жоқ екенін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар