$ 532.74 € 617.23 ₽ 6.77

Мемлекеттік сатып алудағы заңбұзушылықтар: биыл 29 млрд теңгенің артық шығыны анықталды

Редакция
27 мамыр 2025 10:31 224
Мемлекеттік сатып алудағы заңбұзушылықтар: биыл 29 млрд теңгенің артық шығыны анықталды Сурет авторы: Ulysmedia

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік 2025 жылдың алғашқы бес айында мемлекеттік сатып алуда 29 млрд теңгеге жоспарланған бағаның артық көрсетілгенін анықтады. Оның 6,4 млрд теңгесі бюджетке қайтарылды, қалған сома бойынша тапсырыс берушілер бағаны төмендетіп немесе сатып алу шарттарын қайта қараған.

Агенттіктің хабарлауынша, 2019 жылдан бері 224,7 млрд теңге көлеміндегі тиімсіз шығынның алды алынды. Тек биылдың өзінде агенттік мемлекеттік аудит органдарына 95 іс жолдады. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда төрт есе көп.

Жаңа қабылданған заңға сәйкес, енді сатып алуларда қағаз жүзіндегі келісімдер (ДСП форматында) алып тасталды, зияткерлік меншік нысандарын сатып алуға шектеу қойылды, ал жемқорлық үшін сотталғандар сатып алуға қатыса алмайды.

6 наурызда қаржы министрлігімен бірлесіп бекітілген Жол картасы аясында порталдарға жасанды интеллект енгізу, картельдік сөз байласуды автоматты анықтау, төлемдерді автоматтандыру, адал емес тапсырыс берушілердің тізімін жасау сияқты шаралар жоспарланған.

Агенттік мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі жемқорлық қатерлерін азайту бойынша жұмыс жалғасып жатқанын мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар