Ғылыми жобаларға бөлінген 945 миллион теңге қолды болғаны әшкереленді

Редакция
20 қараша 2026, 15:21
Ғылыми жобаларға бөлінген 945 миллион теңге қолды болғаны әшкереленді Сурет авторы: gov.kz

Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті «Ғылым қоры» АҚ тарапынан ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға бөлінген ірі көлемдегі бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша «Bal halal» ЖШС директорына қатысты тергеуді аяқтады. Мемлекетке келтірілген жалпы шығын 945 миллион теңгені құрады.

2023–2024 жылдары аталған серіктестік төрт ғылыми жобаны жүзеге асыру үшін 1,15 миллиард теңге грант алған. Бұл қаражатқа өсімдік шикізатынан инновациялық макарон өнімдері мен микронутриенттермен байытылған ұн өндірісін іске қосу, өндірістік ғимараттарды дайындау және қажетті жабдықтар сатып алу көзделген. Алайда тергеу барысында әкелінген құрал-жабдықтардың жобада көрсетілген өнімдерді шығаруға мүлдем жарамсыз екені белгілі болды.

  • Жалған келісімшарттар: Ақшаны заңсыз шығару үшін күдікті өзімен байланысты тұлғалардың атына тіркелген «SMART 15» ЖШС-ін пайдаланған. Жабдық сатып алу мен қызмет ақысын төлеу деген желеумен бұл компанияның есепшоттарына 736,4 миллион теңге аударылған. Сонымен қатар заңсыз схемаға «Фабрика рекламы Шымкент», «Jana tan» ЖШС-тері, «Sisters Brand KZ» жеке кәсіпкерлігі және өзге де субъектілер тартылған.

  • Көзбояушылық мониторинг: Жобалардың орындалуын қадағалау тек қағаз жүзінде жүргізілген. Мониторинг топтарының мүшелері өндіріс орындарына барып тексеру жүргізбестен, «Bal halal» қызметкерлері өздері әзірлеген жалған актілерге қол қойып отырған.

  • Ақшаны заңдастыру: Күдікті заңсыз қолма-қол ақшаға айналдырылған қаржының 88,5 миллион теңгесін «Bal halal» ЖШС-нің банк есепшотына қайта салып, оны жобаны бірлесіп қаржыландыруға қосқан жеке қаражаты ретінде көрсеткен.

Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынды. Сот санкциясымен оның жалпы құны 830 миллион теңге болатын мүлкіне тыйым салынды. Тәркіленуі мүмкін мүліктер тізімінде 5 жер телімі, 4 автокөлік, Астана қаласындағы пәтер, коммерциялық нысан және қымбат зергерлік бұйымдар бар.

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпараттар жария етілмейді.

Соңғы жаңалықтар