«Бағдарлама сатып алумен іс бітпейді»: Тоқаев жасанды интеллектіні білім мен ғылымға терең енгізуді тапсырды

Редакция
19 қараша 2026, 16:31
«Бағдарлама сатып алумен іс бітпейді»: Тоқаев жасанды интеллектіні білім мен ғылымға терең енгізуді тапсырды Сурет авторы: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық ұйымдар мен жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының басшыларымен дөңгелек үстел өткізіп, ғылым мен білім саласындағы стратегиялық жоспарларды ортаға салды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Жиын барысында Президент қазіргі геосаяси ахуалдың ғылым мен технологияға тікелей әсер етіп отырғанын ашық айтты. Оның сөзінше, бүгінде озық жетістіктер ортақ игілік емес, мемлекеттер арасындағы бәсекелестік құралына айналып барады. Осындай кезеңде Қазақстан әлемдік ғылыми орталықтармен әріптестікке барынша ашық екенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде шетелдік ЖОО филиалдарын ашудың алғашқы кезеңі аяқталғанын атап өтті. Инфрақұрылым дайын, құжаттар рәсімделген, енді олардың толыққанды жұмысқа кірісетін уақыты келді.

«Келесі қадам – бірлескен зерттеулер жүргізу, жаңа технологиялар әзірлеу және экономикамыздың сұранысына сай келетін практикалық шешімдерді енгізу арқылы ынтымақтастықты нақты мазмұнмен толықтыру», – деді Мемлекет басшысы.

Үш басым бағыт: Су, кадр және Жасанды интеллект

Президент шетелдік серіктестермен бірлесіп жұмыс істейтін негізгі салаларды айқындап берді:

1. Су қауіпсіздігі. Трансшекаралық өзендерді басқару, су үнемдеу технологиялары мен ғылыми негізделген су дипломатиясын дамыту үшін Қазақстан БҰҰ Университетінің тәжірибесіне сүйенбек.

2. Кадр даярлау. Елдегі ауқымды трансформацияны жүзеге асыру үшін жоғары білікті мамандар буынын қалыптастыру қажет.

3. Жасанды интеллект (ЖИ). Мемлекет басшысы ЖИ-ді білім мен ғылымға кіріктіру ісі тек дайын бағдарламалық жасақтама сатып алумен шектелмеуі тиіс екенін қатаң ескертті. Ол үшін жаңа оқу бағдарламалары, білікті оқытушылар, мықты цифрлық инфрақұрылым және ЖИ-ді жауапкершілікпен қолдану қағидаттары керек.

«Ынтымақтастықты не тежеп отыр?»

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік ректорларға нақты сұрақтар қойып, ашық диалогқа шақырды. Президент қаржылық шектеулер, әкімшілік рәсімдер немесе академиялық ұтқырлықтағы қандай кедергілер бірлескен жұмысқа тұсау болып отырғанын анықтап, оларды тез арада жою қажеттігін айтты.

Айта кетейік, жиында Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты (МГИМО), Солтүстік Қытай су ресурстары және электр энергетикасы университеті, Кардифф университеті, Сеул киберуниверситеті, Үрімші кәсіптік университеті, Анхальт университеті, Гази университеті және Ұлттық ядролық зерттеу университетінің басшылары сөз сөйлеп, өз ұсыныстарын білдірді.

Соңғы жаңалықтар