$ 447.14 € 500.35 ₽ 5.24

Университет курстарын ЖИ әзірлейді: SDU студенттері отандық AI-платформа ойлап тапты

Редакция
07 қазан 2026, 16:06
Университет курстарын ЖИ әзірлейді: SDU студенттері отандық AI-платформа ойлап тапты Сурет авторы: gov.kz

AI-Sana көрмесі аясында SDU University студенттері әзірлеген Intelib AI-платформасы таныстырылды. Жаңа жүйе университеттік курстарды, силлабустарды және оқу материалдарын жасанды интеллект арқылы автоматты түрде дайындауға әрі басқаруға мүмкіндік береді.

Intelib платформасы электронды кітапхана мен оқу материалдарын әзірлеуге арналған ЖИ құралдарын бір цифрлық ортаға біріктірген. Жүйе кітапханадағы оқу әдебиеттеріне сүйене отырып, силлабус, дәріс конспектілерін және тест тапсырмаларын секунд ішінде құрастыра алады.

Бұл ретте білім мазмұнын бақылау толығымен оқытушының қолында болады: ол дайын материалды тексеріп, өңдей алады немесе қайта әзірлей алады.

Платформаның басты артықшылықтарының бірі – қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі кітаптарды, ғылыми мақалалар мен энциклопедияларды жылдам табатын интеллектуалды іздеу жүйесі. Сонымен қатар, ЖИ дәріс конспектісін дайындағанда қолданылған дереккөздердің нақты беттерін де көрсетеді.

Студенттер бұл платформа арқылы курстарға қол жеткізіп, бекітілген уақыт шегінде квиздер мен тесттерді орындай алады және өз нәтижелерінің тарихын бақылайды. Жоба оқытушылардың оқу материалын дайындауға кететін уақытын айтарлықтай қысқартып, ЖИ әзірлеген мазмұнды сапалы бақылауда ұстауға жол ашады.

Қазіргі уақытта бұл цифрлық жүйе intelib.kz сайтында қолжетімді. Онда интеллектуалды іздеу, оқу топтарын басқару және оқу нәтижелерін бақылау функциялары толық іске қосылған.

Соңғы жаңалықтар