$ 489.99 € 580.25 ₽ 6.38

Ұлыбританияда 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желіге тыйым салу мәселесі қаралуда

Редакция
17 ақпан 2026, 08:40
Ұлыбританияда 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желіге тыйым салу мәселесі қаралуда Сурет авторы: ABC

Ұлыбритания үкіметі 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға Австралия үлгісіндегі тыйым салуды биылдың өзінде енгізуі мүмкін.  Бастама Премьер-министр Кир Стармер үкіметінің цифрлық қауіпсіздікті күшейту саясаты аясында қолға алынған, деп хабарлайды Reuters.

Өткен айда бұл мәселеге қатысты қоғамдық кеңес басталып, заңнамаға жедел түзетулер енгізу жолдары пысықталуда. Сонымен қатар 2023 жылғы Online Safety Act аясында қамтылмай қалған жасанды интеллект чат-боттарына қатысты олқылықтарды жою жоспарланған.

Технология министрі Лиз Кендалл кейбір AI жүйелері балалар қауіпсіздігі талаптарына сай келмейтінін айтып, тиісті ұсыныстар маусым айына дейін ұсынылатынын мәлімдеді. Жаңа шаралар аясында ойын платформаларындағы бейтаныс адамдармен байланыс орнатуды шектеу және жалаңаш сипаттағы суреттерді таратуға тосқауыл қою мәселесі де қарастырылуда.

Үкімет технологиялық компанияларды заң талаптарын сақтауға міндеттемек. Сарапшылар бастаманың балаларды қорғауға бағытталғанын атап өткенмен, оның ересектердің цифрлық құқықтарына әсер етуі мүмкін екенін ескертуде.

Соңғы жаңалықтар