$ 499.65 € 582.89 ₽ 6.47

Медицина саласындағы Нобель сыйлығы иммундық жүйені зерттеген ғалымдарға берілді

Абдрахманов Мағжан
06 қазан 2025 15:20 361
Медицина саласындағы Нобель сыйлығы иммундық жүйені зерттеген ғалымдарға берілді Сурет авторы: Nobel prize outreach

2025 жылғы физиология және медицина саласындағы Нобель сыйлығы иммундық жүйенің төзімділігін зерттеген америкалық ғалымдар Мэри Э. Бранкоу, Фред Рамсделл және жапон зерттеушісі Шимон Сакагучиге табысталды.

Олар иммундық жүйенің өзіндік «қорғаушылары» – реттеуші Т-жасушаларды анықтап, іргелі жаңалық ашты.

Адамның иммунитеті – көзге көрінбейтін, бірақ ағзаны күн сайын мыңдаған вирус пен бактериядан қорғайтын жүйе. Ол «бөтен» нәрсені бірден танып, жоюға тырысады. Бірақ кейде қателесіп, өз ағзасының сау жасушаларына шабуыл жасайды. Бұл — аутоиммунды аурулардың (мысалы, қант диабеті, артрит және т.б.) негізгі себебі.

Ғалымдар тапқан реттеуші Т-жасушалар – иммунитеттің «ақылшысы» сияқты. Олар басқа иммундық жасушаларға «бұл – өзіміздің жасуша, шабуылдама» деп белгі береді. Яғни, иммунитетті ұстап тұратын тепе-теңдікті қамтамасыз етеді.

Ашылған жаңалықтар медицинаға да үлкен ықпал етті. Олардың негізінде ағзаның өз жасушаларына шабуыл жасайтын аутоиммундық ауруларды емдеудің, қатерлі ісікпен күресудің және сүйек кемігін трансплантациялағаннан кейінгі асқынулардың алдын алудың жаңа тәсілдері жасалып жатыр. Қазіргі уақытта бұл бағыттағы емдеу әдістері сынақтан өтіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар