$ 493.85 € 571.78 ₽ 6.25

Иранның жаңа басшысы сайланды, бірақ аты әзірге жарияланған жоқ – BBC

Абдрахманов Мағжан
08 наурыз 2026, 17:20
Иранның жаңа басшысы сайланды, бірақ аты әзірге жарияланған жоқ – BBC Сурет авторы: Majid Saeedi/Getty Images

Иранда елдің жаңа жоғарғы көшбасшысы сайланған, алайда оның есімі әзірге ресми түрде жарияланбаған. Бұл туралы BBC-дің Парсы қызметі Ирандағы Сарапшылар кеңесінің мүшесі Ахмад Аламолходаға сілтеме жасап хабарлады.

Аламолходаның айтуынша, Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы таңдалғанымен, оның аты аталған жоқ.

Иранда жоғарғы көшбасшыны Сарапшылар кеңесіне кіретін 88 дін қызметкері сайлайды. Mehr ақпарат агенттігінің мәліметінше, бұл шешім туралы ресми мәлімдемені Сарапшылар кеңесі хатшылығының басшысы Хоссейни Бушехри жасауы тиіс. Алайда әзірге мұндай мәлімдеме жарияланған жоқ.

Айта кетейік, Иранды 38 жыл басқарған аятолла Әли Хаменеи 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған әуе соққысы кезінде қаза тапқан.

Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары Хаменеи орнына үш ықтимал кандидат қарастырылып жатқанын жазған еді. Олар – марқұмның ұлы, 56 жастағы Мұжтаба Хаменеи, 67 жастағы ықпалды дінбасы Әлиреза Арафи және Ислам республикасының негізін қалаған аятолла Рухолла Хомейнидің немересі, 56 жастағы Хассан Хомейни.

Кейбір басылымдардың жазуынша, Сарапшылар кеңесі осы үміткерлердің ішінен Мұжтаба Хаменеиді таңдаған болуы мүмкін. Алайда АҚШ пен Израиль жаңа көшбасшыға қауіп төндіруі мүмкін деген қауіпке байланысты бұл шешімді әзірге жарияламау туралы ұйғарым жасалғаны айтылуда.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның жаңа көшбасшысын таңдауға өзі де қатысуы тиіс екенін айтып, Мұжтаба Хаменеидің билікке келуіне қарсы екенін мәлімдеген.

Соңғы жаңалықтар