$ 478.77 € 548.62 ₽ 5.87

WSJ: Трамп Ормуз бұғазы жабық болса да, Ирандағы әскери операцияны тоқтатуға дайын

Абдрахманов Мағжан
31 наурыз 2026, 15:39
WSJ: Трамп Ормуз бұғазы жабық болса да, Ирандағы әскери операцияны тоқтатуға дайын Сурет авторы: Ақ үй

АҚШ президенті Дональд Трамп Ормуз бұғазы ашылмаса да, Иранға қарсы әскери операцияны аяқтауға ниетті. The Wall Street Journal (WSJ) басылымының Ақ үй өкілдеріне сілтеме жасап хабарлауынша, Трамп бұғазды күшпен ашу әрекеті қақтығысты ұзаққа созып жібереді деген қорытындыға келген. Президенттің жоспары бойынша, АҚШ негізгі мақсаттарына – Иран флоты мен зымыран қоймаларына соққы берумен шектеліп, әскери қимылдарды тоқтатуы тиіс.

Егер дипломатиялық жолмен бұғазды ашу мүмкін болмаса, Вашингтон бұл бастаманы Еуропа мен Парсы шығанағындағы одақтастарына жүктемек. Басылымның жазуынша, бұл шешім Тегеранның Ормуз бұғазындағы ықпалын нығайтуы мүмкін. Бұған дейін Иран билігі бұғаздан өтетін кемелерден салық алу және АҚШ пен Израильге қатысы бар кемелердің өтуіне тыйым салу жоспарын қабылдаған болатын.

Дегенмен Трамп Иранға қатысты қатаң риторикасын тоқтатқан жоқ. 30 наурызда ол келіссөздерде ілгерілеушілік бар екенін айта келе, егер уағдаластыққа қол жетпесе және бұғаз сауда үшін ашылмаса, АҚШ Иранның барлық электр станциясын, мұнай ұңғымаларын және стратегиялық Харк аралын толық жойып жіберетінін ескертті. Айта кетейік, Харк аралы арқылы Иран мұнайы экспортының 90 пайызы өтеді.

Сонымен қатар АҚШ әскерилері бұғаз маңындағы Абу-Муса, Үлкен және Кіші Томб аралдарына бақылау орнату мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бірақ бұл операция Иран бақылайтын таяз сулар мен миналанған аймақтардың кесірінен өте қауіпті деп бағаланып отыр. Қазіргі уақытта Ақ үй әскери күш қолдану мен дипломатиялық қысым арасындағы тепе-теңдікті сақтауға тырысып отыр.

Соңғы жаңалықтар