$ 509.63 € 592.34 ₽ 6.54

Венесуэладағы жағдай: БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі шұғыл кеңес өткізеді

Абдрахманов Мағжан
04 қаңтар 2026, 11:22
Венесуэладағы жағдай: БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі шұғыл кеңес өткізеді Сурет авторы: БҰҰ/ Э.Дебебе

Венесуэладағы жағдайға байланысты Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесі шұғыл отырыс өткізеді. Жиын дүйсенбі, 5 қаңтар күні өтеді.

Бұл туралы БҰҰ-ның ресми өкілдері хабарлады. Экстренді отырысты шақыру туралы бастаманы Колумбия көтерген, ал оны Ресей мен Қытай қолдаған.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Венесуэлада болған оқиғаны «қауіпті прецедент» деп атап, халықаралық құқық тұрғысынан алаңдаушылық білдірді. Қазіргі таңда Бас хатшының өзі де отырысқа қатысуы мүмкін екені жоққа шығарылмайды.

Ал Венесуэланың БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Самуэль Монкада Қауіпсіздік кеңесіне жолдаған хатында АҚШ-ты «колониялық соғыс бастады» деп айыптады. Оның айтуынша, Вашингтонның әрекеті Венесуэлада халық еркімен сайланған билікті жоюға және елдің табиғи ресурстарын, соның ішінде әлемдегі ең ірі мұнай қорларын бақылауға алуға бағытталған.

«Бұл – біздің республикалық басқару формамызды күйретуге және елге қуыршақ үкімет орнатуға бағытталған колониялық соғыс», – делінген Венесуэла өкілінің мәлімдемесінде.

Қауіпсіздік кеңесінің отырысында АҚШ-тың Венесуэлада жүргізген әскери операциясының заңдылығы мен оның халықаралық қауіпсіздікке ықпалы талқыланбақ. Отырыс қорытындысы бойынша қандай шешім қабылданатыны әзірге белгісіз.

Соңғы жаңалықтар