$ 522.19 € 606.42 ₽ 6.47

Түркияның әскери ұшағы Грузия аумағында құлады: 20 адам қаза тапты

Дулат Абдраманов
11 қараша 2025 23:47 204
Түркияның әскери ұшағы Грузия аумағында құлады: 20 адам қаза тапты Сурет авторы: Reuters

11 қараша күні Түркияның Әскери-әуе күштеріне тиесілі Lockheed C-130 Hercules жүк ұшағы Грузияның шығысындағы Сигнахи муниципалитеті, Әзірбайжан шекарасына жақын маңда апатқа ұшырады.

AP және Reuters агенттіктерінің хабарлауынша, ұшақ Бакуден көтеріліп, Түркияға бет алған. Алайда ұшу кезінде экипажбен байланыс үзіліп, ұшақ радардан жоғалған. Кейінірек Грузияның төтенше жағдайлар қызметі ұшақтың апатқа ұшырағанын растады.

Ұшақ бортында 20 әскери қызметкер болған, барлығы қаза тапқан. Грузия билігі мен Түркияның Қорғаныс министрлігі бірлескен тергеу басталғанын хабарлады.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтып, оларды «ел үшін жанын қиған батырлар» деп атады.

«Біздің жүрегіміз бұл қайғылы оқиғадан қан жылайды. Қаза болған барша ерлеріміздің рухы шат болсын», – деді Ердоған өз мәлімдемесінде.

Қазіргі таңда апат орны қоршауға алынып, құтқарушылар іздестіру және қалдықтарды жинау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Алдын ала болжам бойынша, апатқа ауа райының қолайсыздығы немесе техникалық ақау себеп болуы мүмкін. Дегенмен нақты себеп арнайы тергеуден кейін анықталады.

Соңғы жаңалықтар