$ 509.63 € 592.34 ₽ 6.54

Түркияда билік 500 қабірді алдын ала қазып қойды

Редакция
20 қараша 2025, 16:44
Түркияда билік 500 қабірді алдын ала қазып қойды Сурет авторы: Anadolu Agency

Түркияның шығысындағы Эрзурум қаласында қыс мезгілінде ауа температурасы минус 35 градусқа дейін төмендейді. Соның салдарынан жер қазу мүмкін болмай қалады. Сол себепті қала билігі қабірлерді қыс түспей тұрып дайындап қояды. Бұл жөнінде Kardelen TV хабарлады.

Биыл Эрзурум үлкен қала муниципалитеті қар мен аяз басталғанға дейін 500 қабірді алдын ала қазып, оларды пайдалануға дайындап қойған.

«Эрзурум — қысы ұзақ әрі қатты өтетін аймақ. Сол себепті жыл сайын осы мезгілде қабірлерді дайындап қоямыз. Қыста жер қатайып, қазу мүмкін болмайды. Биыл да 500 қабір қыста қолдануға дайындалды», – деді қала әкімдігі өкілдері.

Билік өкілдерінің айтуынша, бұл – жергілікті дәстүрге айналған шара. Қатты аяз кезінде топырақ темірдей қатып, қабір қазу мүмкін болмайтындықтан, әр күзде осындай жұмыс жүргізіледі. Бұл тұрғындарға қыс кезінде қиындықсыз жерлеу рәсімін өткізуге мүмкіндік береді.

Эрзурум тұрғындары бұл бастаманы әртүрлі қабылдады. Бірі «табиғат жағдайында бұл амалсыз шешім» десе, енді бірі бұл көріністі «өмірдің қысқалығы мен қаталдығының символы» деп бағалады. «Туғанда бесігің дайын, өлмей тұрып қабірің дайын», «Өлгендерді емес, тірілерді ойлаңыздар», «Қабір дайын, біз дайынбыз ба?» деп жазды желі қолданушылары.

Соңғы жаңалықтар