$ 509.63 € 592.34 ₽ 6.54

Трамп Иранмен серіктес елдерге 25% баж салығын енгізетінін мәлімдеді

Редакция
13 қаңтар 2026, 09:53
Трамп Иранмен серіктес елдерге 25% баж салығын енгізетінін мәлімдеді Сурет авторы: zakon.kz

АҚШ Президенті Дональд Трамп Иран Ислам Республикасымен сауда-саттық байланысын үзгісі келмейтін мемлекеттерге қатысты қатаң санкциялық шара қолданылатынын Truth әлеуметтік желісінде хабарлады.

Ақ үй басшысының айтуынша, Иранмен іскерлік қарым-қатынастағы кез келген ел Америка Құрама Штаттарымен жасалатын барлық бизнес операциялары үшін 25 пайыздық баж салығын төлеуге міндеттеледі. Трамп бұл шешімнің қайта қаралмайтынын және шұғыл түрде күшіне енетінін атап өтті.

Вашингтонның бұл мәлімдемесі Ирандағы саяси жағдайдың шиеленісуімен тұспа-тұс келіп отыр. Қазіргі уақытта АҚШ билігі Иран аумағында жүрген өз азаматтарына елден тез арада шығып кетуге кеңес берді. Еске сала кетейік, желтоқсанның соңынан бері Иранда қымбатшылыққа қарсы басталған жаппай наразылықтар ірі қақтығыстарға ұласып, адам шығыны тіркелген болатын. 12 қаңтар Иранда осы толқулар кезінде қаза тапқандарды еске алу мақсатында аза тұту күні болып жарияланды.

 

Соңғы жаңалықтар