$ 503.44 € 593.35 ₽ 6.55

Трамп Иранды ядролық келісімге шақырып, жаңа жойқын соққымен сес көрсетті

Редакция
29 қаңтар 2026, 09:45
Трамп Иранды ядролық келісімге шақырып, жаңа жойқын соққымен сес көрсетті Сурет авторы: BBC

АҚШ президенті Дональд Трамп Иран билігіне кезекті ескерту жасап, тез арада ядролық келісімге келуді талап етті. Ол егер келіссөздер болмаса, келесі шабуылдың ауқымы бұрынғыдан да жойқын болатынын айтып сес көрсетті.

Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында АҚШ-тың зор әскери флоты (армадасы) Иранға қарай бет алғанын мәлімдеді.

 «Иран тез арада келіссөз үстеліне отырып, әділ әрі тең құқылы келісім жасайды деп үміттенемін. Бұл - ядролық қарусыз, барлық тарапқа тиімді келісім болуы тиіс. Уақыт таяп қалды, бұл өте маңызды мәселе... Келесі шабуыл бұдан әлдеқайда жаман болады!» - деп жазды Дональд Трамп.

АҚШ президентінің айтуынша, америкалық кемелер тобын USS Abraham Lincoln авианосеці бастап келе жатыр және ол қажет болған жағдайда күш қолдануға дайын.

2025 жылғы 21 маусым: АҚШ Иранның ең ірі үш ядролық нысанына - Фордо, Натанз және Исфахандағы уран байыту зауыттарына әуеден соққы берді. Сол кезде Трамп «терроризмнің басты демеушісінен» төнген ядролық қауіп жойылғанын мәлімдеген еді.

Өткен аптада Иранмен қарым-қатынастың шиеленісуіне байланысты АҚШ-тың Таяу Шығыстағы әскери күштерін күшейтіп жатқаны туралы ақпарат тарады.

Соңғы жаңалықтар