$ 494.66 € 581.87 ₽ 6.43

Шекарадағы «майшелпек»: Қырғыз инспекторлары қазақ бензинін тасыған 40 жол талғамайтын көлікті тәркіледі

Редакция
20 ақпан 2026, 16:18
Шекарадағы «майшелпек»: Қырғыз инспекторлары қазақ бензинін тасыған 40 жол талғамайтын көлікті тәркіледі Сурет авторы: Kaztag.kz

Қырғызстанда Қазақстаннан бензин тасумен айналысқан ондаған жол талғамайтын көлік айып тұрағына жөнелтілді. Бұл туралы Kaktus Media басылымы хабарлады.

Тоқмақ қаласында инспекторлар 40-қа жуық жол талғамайтын көлікті арнайы тұраққа жапты. Бұл көліктердің жанармай бактары Қазақстаннан заңсыз жанар-жағармай тасу үшін арнайы үлкейтілген. Контрабандалық жолмен жеткізілген отын кейіннен трасса бойында заңсыз саудаланған.

Қазақстандық бензин мен дизель отынының көрші елдерге заңсыз ағылуы ұзақ уақыттан бері шешімін таппай келе жатқан мәселе. Бұған дейін сарапшылар мен БАҚ өкілдері еліміздің оңтүстік шекарасындағы бақылаусыз экспорттың қаупі туралы бірнеше рет ескерткен болатын.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, 2024 жылдың басынан бері жанар-жағармайдың заңсыз айналымына қатысты 21 қылмыстық іс қозғалған. Жамбыл облысында тек қазан айында шекара арқылы отын тасудың 159 фактісі анықталса, жыл басынан бері олардың саны 1205-ке жеткен.Заңсыздықпен күрес: Тіпті Қазақстан мен Өзбекстан арасында жанар-жағармай контрабандасы үшін арнайы жер асты тоннелі қазылғаны белгілі болды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 28 қаңтардағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында отын контрабандасын қатаң сынға алды. Мемлекет басшысы шекарадағы бұл заңсыздықтар криминалдың өршуіне жағдай жасап отырғанын қадап айтты.

Осыған байланысты билік АИ-92 бензині мен дизель отынын экспорттауға бірден екі жылға тыйым салуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, елдегі ірі операторлар - «Petrosun» және «ҚазМұнайГаз» компанияларына заң бұзушылықтар үшін 1,5 млрд теңгеге жуық айыппұл салынды.

Соңғы жаңалықтар