Ресейлік рекрутерлерге бірқатар елден жалдамалы сарбаздарды тартуға тыйым салынғаны туралы ақпарат тарады. Бұл туралы Важные истории басылымы рекрутерлер чаттары мен топтарына сілтеме жасап хабарлады. Мәліметті жалдамалыларды іріктеумен айналысатын өңірлік орталықтардың бірі растаған.
Басылым дерегінше, «қара тізімге» 36 мемлекет енген. Олардың қатарында негізінен Африка және араб елдері, сондай-ақ Ресейге «достас» саналған Қытай, Үндістан, Бразилия, Оңтүстік Африка Республикасы, Түркия, Куба, Ауғанстан, Иран және Венесуэла бар. Тізім туралы алғашқы мәлімет Гана азаматы Келвин Эджирдің әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланған. Ол бұған дейін Ресей армиясында қызмет етіп, қазір Африка аудиториясына Ресей Қорғаныс министрлігімен келісімшартты жарнамалап жүр.
Бұл шешімнің нақты қай деңгейде қабылданғаны белгісіз. Алайда басылым оны дипломатиялық келіссөздердің нәтижесі болуы мүмкін деп болжайды. 2024 жылдан бастап Непал, Үндістан және Шри-Ланка өз азаматтарын тартуды тоқтатуды сұраған. Ресей тарапы Үндістан мен Шри-Ланка азаматтарын әскерге алмауға уәде бергені айтылған. 2025 жылдың қарашасында осындай талапты Иордания да қойған, содан кейін ол да тізімге енгізілген.
Ақпанда «стоп-параққа» Аргентина, Ирак, Йемен, Камерун, Колумбия, Ливия және Сомали қосылуы мүмкін екені хабарланған. Сонымен қатар Кения да тізімге енген, бұл елден майданға мыңнан астам азамат жіберілгені айтылады.