$ 537.91 € 628.87 ₽ 6.6

Өзбекстанда кітап оқыған сотталушылардың жаза мерзімі қысқарады

Абдрахманов Мағжан
05 қыркүйек 2025 17:43 257
Жаңа норма Өзбекстандағы 13,5 мыңнан астам сотталушыға қатысты болмақ
Өзбекстанда кітап оқыған сотталушылардың жаза мерзімі қысқарады Сурет авторы: ЖИ иллюстарциясы

Өзбекстан Сенаты сотталғандардың жазасын жеңілдетуге мүмкіндік беретін заң жобасын мақұлдады. Қылмыстық кодекс жаңа 74-1-баппен толықтырылып, онда адамның түзелуіне байланысты жаза мерзімін қысқарту қарастырылған.

Жаңа ереже бойынша, әрбір оқылған кітап үшін жаза мерзімі үш тәулікке қысқартылады. Дегенмен бұл жеңілдік жылына 30 күннен аспайды.

Сотталғандар тек Республикалық рухани-ағарту орталығы бекіткен әдебиеттер тізіміндегі кітаптарды оқуы тиіс. Сонымен қатар арнайы комиссия олардың шынымен кітапты оқығанын тексереді.

Сенатор Абдусаид Кучимовтың айтуынша, қылмыскерлердің әдебиеттің көмегімен қалыпты өмірге оралғанына көптеген мысал бар.

«Бірқатар елде сотталғандарды кітап арқылы ынталандырып, олардың түзелуі үшін әдебиет сыйға тартылады», – деді ол.

Бұл ереже тек шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуға құқығы бар азаматтарға қолданылады. Ал өмір бойына бас бостандығынан айырылғандарға жеңілдік жүрмейді.

Жаңа норма Өзбекстандағы 13,5 мыңнан астам сотталушыға қатысты болмақ.

Соңғы жаңалықтар