OpenAI компаниясының АҚШ Қорғаныс министрлігімен (Пентагон) ынтымақтастық туралы мәлімдемесі қолданушылар арасында наразылық тудырды. Бұл туралы BBC News хабарлады.
Аналитикалық Sensor Tower компаниясының дерегінше, келісім жарияланғаннан кейін ChatGPT қосымшасын өшірген пайдаланушылар саны қалыпты деңгейден 200 пайызға артқан.
Компания басшысы Сэм Альтман келісімге қосымша өзгерістер енгізілетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, OpenAI жүйелерін АҚШ азаматтарын бақылау немесе тыңшылық мақсатында қолдануға тыйым салатын арнайы тармақ енгізіледі.
Келісімге қатысты дау OpenAI-дың бәсекелесі – Anthropic компаниясы мен Пентагон арасындағы келіспеушіліктен кейін күшейді. Anthropic өздерінің Claude атты жасанды интеллект моделін толық автономды қару жасау немесе жаппай бақылау жүйелерінде қолдануға қарсы екенін айтқан.
Соған қарамастан, Claude моделі кейін АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери операциясы кезінде қолданылғаны туралы ақпарат тарады.
Жасанды интеллект қазіргі кезде әскери салада кеңінен қолданылып жатыр. Мысалы, Palantir Technologies әзірлеген жүйелер АҚШ, Украина және НАТО елдеріне әскери деректерді талдауға, барлау жүргізуге және үлкен ақпарат көлемін өңдеуге көмектеседі.
Алайда сарапшылар жасанды интеллект жүйелері кейде қателесуі немесе шындыққа жанаспайтын ақпарат ойлап табуы мүмкін екенін ескертеді. Мұндай құбылыс «галлюцинация» деп аталады.
NATO-ның Maven жедел тобының деректер жөніндегі бас маманы Аманда Густав мұндай жүйелерді қолдану кезінде адам бақылауы міндетті екенін айтты.