$ 501.26 € 590.38 ₽ 6.54

Лувр директоры ірі ұрлық пен жемқорлық дауынан кейін қызметінен кетті

Редакция
25 ақпан 2026, 09:48
Лувр директоры ірі ұрлық пен жемқорлық дауынан кейін қызметінен кетті Сурет авторы: France

Әлемге әйгілі Лувр музейінің директоры Лоранс де Карс қызметінен кету туралы өтініш берді. Франция президенті Эммануэль Макрон бұл өтінішті қабылдады, деп хабарлайды Елисей сарайының баспасөз қызметі.

Эммануэль Макрон директордың бұл шешімін «жауапкершілік таныту» деп бағалады. Президенттің айтуынша, қазіргі уақытта музейге тыныштық пен қауіпсіздікті жаңғыртуға бағытталған жаңа серпін қажет.

 «Мемлекет басшысы әлемдегі ең ірі музейге қауіпсіздік пен жаңғырту саласындағы ауқымды жобаларды, сондай-ақ "Лувр – Жаңа Ренессанс" бағдарламасын жүзеге асыру үшін жаңа импульс керек екенін атап өтті», - делінген ресми хабарламада.

Лоранс де Карс бұған дейін де, 2025 жылдың қазанында орын алған атышулы ұрлықтан кейін отставкаға кетпек болған. Сол кезде қылмыскерлер небәрі жеті минуттың ішінде музейден құны 88 миллион еуроға бағаланған құнды жәдігерлерді алып шыққан еді.

Мәдениет министрі Рашида Дати бастапқыда отставканы қабылдамай, әкімшілік тексеру жүргізуді тапсырған. Тергеу қорытындысы музейдің қауіпсіздік жүйесіндегі өрескел қателіктерді анықтап, шұғыл шаралар қабылдауға мәжбүр етті.

Музей беделіне нұқсан келтірген тағы бір оқиға - жалған билеттерді сату схемасы. Осы жылдың ақпанында Париж полициясы Лувр мен Версаль сарайына заңсыз билет сатқан қылмыстық топты құрықтады. Тұтқындалған 10 адамның арасында музейдің екі қызметкері мен туристік гидтер болған.

Соңғы жаңалықтар