$ 499.65 € 582.89 ₽ 6.47

Қырғызстан өлім жазасын қайтармақ

Абдрахманов Мағжан
01 қазан 2025 14:46 528
Қырғызстан өлім жазасын қайтармақ

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров әйелдер мен балаларға қарсы қылмыстарға жазаны күшейтуді тапсырды. Мемлекет басшысы бұл істі өз қарамағындағы құқықтық қамтамасыз ету басқармасына жүктеп, заңға өзгеріс енгізуді талап етті. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Аскат Алагозов хабарлады.

Атап айтқанда, балаларды зорлау фактілері үшін және әйелді зорлап, өлтіру қылмыстары үшін өлім жазасын қарастыру ұсынылды.

"Садыр Жапаровтың пікірінше, әсіресе балалар мен әйелдерге қарсы жасалған қылмыстар жазасыз қалмауы керек", – деді Алагозов.

Бұл қадамға елді дүр сілкіндірген қайғылы жағдай түрткі болды. 27 қыркүйекте Ыстықкөл өңірінде жас қыз жоғалып кеткен еді. Ол құрбысының ауылына бармақ болып шығып, қайта оралмады. Екі күннен соң оның мүрдесі Боом шатқалынан табылды. Тергеу болжамына қарағанда, 41 жастағы Бішкек тұрғыны жасөспірімді алып қашып, зорлап, кейін қасақана өлтірген. Қыздың туыстары күдіктінің бұрын да жыныстық зорлық үшін ұсталғанын, бірақ жазадан құтылып кеткенін айтады.

Алагозовтың айтуынша, аталған қылмыстық іс президент Садыр Жапаровтың жеке бақылауында.

Айта кетсек, Қырғызстанда өлім жазасы 2007 жылы алып тасталған болатын. Содан бері ең ауыр жаза – өмір бойына бас бостандығынан айыру болып келген.

Соңғы жаңалықтар