$ 502.6 € 589.95 ₽ 6.5

Ирандағы мектепке жасалған шабуыл: Қаза тапқандар саны 153 адамға дейін жетті

Редакция
02 наурыз 2026, 10:32
Ирандағы мектепке жасалған шабуыл: Қаза тапқандар саны 153 адамға дейін жетті Сурет авторы: Sputnik.kz

Таяу Шығыстағы жағдай ушығып, Иран аумағындағы бейбіт нысандарға жасалған соққылардың салдары ауырлай түсуде. Соңғы мәліметтерге сәйкес, Хормозган провинциясының Минаб қалалық округіндегі «Шаджаре Тайебе» қыздар мектебіне жасалған шабуылдан қаза тапқандар саны 153 адамға жетті. Иранның Сыртқы істер министрлігінің өкілі Исмаил Багаи үйінділер астында адамдардың қалуына байланысты құрбандар саны бұдан да артуы мүмкін екенін ескертті.

Мектепке жасалған жойқын соққы әскери операцияның алғашқы күні, яғни 28 ақпанда орын алған. Қала әкімшілігінің ресми дерегінше, тағы 95 адам түрлі дәрежедегі жарақат алған. Сонымен қатар Ламерд қаласындағы спорт кешеніне де зымыран құлап, волейболмен айналысып жатқан 20-ға жуық бойжеткен ажал құшты.

Естеріңізге сала кетейік, сенбі күні АҚШ пен Израиль Иранға қарсы ауқымды әскери қимылдар бастаған болатын. Ақ үй мен Тель-Авив бұл қадамды Иранның ядролық әлеуетін жою және билікті өзгерту мақсатында жасалғанын айтса, Тегеран бұл әрекетті «негізсіз агрессия» деп атап, жауап ретінде аймақтағы бірнеше елдегі АҚШ базаларына соққы берді.

Соңғы жаңалықтар