$ 478.77 € 548.62 ₽ 5.87

Иран Ормуз бұғазы арқылы өтуді ақылы етпек

Абдрахманов Мағжан
31 наурыз 2026, 11:10
Иран Ормуз бұғазы арқылы өтуді ақылы етпек Сурет авторы: REUTERS / Hamad I Mohammed

Иран Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелер үшін төлем енгізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы ел парламентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі комиссиясының мүшесі Алаэддин Боруджерди мәлімдеді, деп хабарлады SNN телеарнасы.

Оның айтуынша, тиісті заң жобасы қабылданғаннан кейін бұғазда жаңа тәртіп енгізіледі. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және кемелерге қызмет көрсету арнайы алымдар есебінен қаржыландырылмақ. Алайда транзит үшін алынатын төлем мөлшері әзірге нақтыланбаған.

Бұған дейін Lloyd’s List басылымы Иран кейбір тасымалдаушыға «қауіпсіз дәліз» ұйымдастырып, жекелеген рұқсаттар негізінде төлем ала бастағанын жазған. Мәліметке сәйкес, бір оператор шамамен 2 миллион доллар төлеген. Сонымен қатар Тегеран кемелерді тіркеу арқылы транзитті ресми реттеу жүйесін іске қосуды көздеп отыр.

Айта кетейік, АҚШ пен Израильдің әскери операциясынан кейін Иран Ормуз бұғазындағы сауда қозғалысын уақытша тоқтатқан болатын. Бұған дейін бұл бағыт арқылы әлемдік мұнай мен мұнай өнімдерінің 15–20 пайызы және сұйытылған газдың 30 пайыздан астамы тасымалданған.

25 наурызда Тегеран достас Ресей, Үндістан, Ирак, Қытай және Пәкістан елдерінің кемелеріне бұғаз арқылы өтуге рұқсат берді.

Соңғы жаңалықтар