$ 475.09 € 551.06 ₽ 5.87

Иран америкалық Apple, Google мен Tesla сияқты алпауыттарға шабуыл жасайтынын хабарлады

Редакция
01 сәуір 2026, 10:45
Иран америкалық Apple, Google мен Tesla сияқты алпауыттарға шабуыл жасайтынын хабарлады Сурет авторы: Gemini AI

Әлемдік технологиялық корпорациялардың Таяу Шығыстағы нысандарына үлкен қауіп төніп тұр. Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы (ИРСК) америкалық 18 ірі компанияны, соның ішінде Microsoft, Apple, Google, Meta, Nvidia және Tesla сияқты алпауыттарды өздерінің заңды нысанасы деп жариялады, деп хабарлады РБК.

 Иран әскерилері бұл корпорацияларды "террористік операцияларға қатысы бар" және Иранға қарсы соққыларды жоспарлау мен бағыттауға көмектесті деп айыптауда. Тізімге ІТ-сектордан бөлек, Intel және Nvidia сияқты чип өндірушілер, Boeing және GE сияқты өндірістік алпауыттар, тіпті JPMorgan қаржы тобы да енген.

Иран тарапы бұл компаниялардың технологиялары мен жасанды интеллект жүйелері әскери мақсатта қолданылып отыр деп есептейді. Осыған байланысты ИРСК аталған компания қызметкерлеріне жұмыс орындарын дереу босатуды, ал кеңсе маңындағы тұрғындарға нысандардан кемінде бір шақырым қашықтыққа ұзауды қатаң ескертті. Бұл қауіпті мәлімдеме Тегеран уақытымен 1 сәуір күні сағат 20:00-де (Астана уақытымен 21:30) күшіне енді.

Айта кетерлігі, наурыз айының ортасында Иранның әскери қолбасшылығы америкалық және израильдік банк инфрақұрылымдарына соққы жасалатынын анонстаған болатын. Қазіргі уақытта Таяу Шығыстағы америкалық кеңселер мен бұлттық инфрақұрылымдар жоғары дайындық режиміне көшірілген, себебі Тегеран бұл жолы нақты әскери қадамдарға баруы мүмкін.

Соңғы жаңалықтар