$ 499.65 € 582.89 ₽ 6.47

Енді Ұлыбританияда тұрғысы келетіндер 20 жыл күтуі тиіс

Абдрахманов Мағжан
17 қараша 2025 12:16 144
Енді Ұлыбританияда тұрғысы келетіндер 20 жыл күтуі тиіс Сурет авторы: Chris J Ratcliffe / REUTERS

Ұлыбритания үкіметі көші-қон саясатын қатаңдату туралы жаңа бастама жариялады. Елге заңсыз келген мигранттар тұрақты тұруға рұқсат алу үшін енді 5 жыл емес, 20 жыл күтуге мәжбүр болады. Бұл туралы елдің ішкі істер министрі Шабана Махмуд The Sunday Times басылымына берген сұхбатында айтты.

Министрдің сөзінше, бұл шешім пана іздеушілерге “алтын билет” беру тәжірибесін тоқтатып, заңсыз көші-қон ағынын азайтуға бағытталған.

Жаңа ережелердің негізгі тармақтары:

Заңсыз жолмен келген мигранттар 20 жыл күткеннен кейін ғана тұрақты тұруға рұқсат ала алады – бұл көрсеткіш Еуропадағы ең ұзақ мерзім болмақ;

Заңды бағдарламалар арқылы келген босқындар үшін бұл мерзім 10 жыл деп белгіленеді;

Босқын мәртебесі тұрақты болмайды, ол әр 30 ай сайын қайта қаралады.

Шабана Махмудтың айтуынша, үкіметтің басты мақсаты – «елді біріктіру және шекаралық бақылауды қалпына келтіру».

The Sunday Times жазғандай, бұл жоспар Данияның көші-қон саясатына ұқсас. Онда пана сұраушылар саны соңғы 40 жылда ең төмен деңгейге түскен, ал өтініштердің 95 пайызы қанағаттандырылмаған.

Ұлыбританияның жаңа қадамы миграцияны шектеу және елдің шекара қауіпсіздігін күшейту бағытындағы ең қатаң шаралардың бірі болып отыр.

Соңғы жаңалықтар