$ 494.28 € 587.06 ₽ 6.4

Дау тудырған каска: украиналық спортшы ерекше каска үшін жарыстан шеттетіле ме?

Редакция
12 ақпан 2026, 10:59
Дау тудырған каска: украиналық спортшы ерекше каска үшін жарыстан шеттетіле ме? Сурет авторы: Getty images

Украиналық скелетоншы Владислав Гераскевич Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) ресми тыйымына қарамастан, жарыс жолына соғыста қаза тапқан спортшылардың суреттері бейнеленген каскамен шығатынын мәлімдеді. Бұл жөнінде BBC хабарлады.

Мәселенің мән-жайына келсек, ХОК бұл әрекетті Олимпиада Хартиясының 50.2-ережесіне, яғни «саяси насихатқа тыйым салу» тармағына қайшы деп таныды. Ұйым өкілдері спортшыға балама ретінде қаралы таспа тағуды ұсынғанымен, Гераскевич бұл ұсыныстан бас тартты. Ол басқа спортшыларға (мысалы, америкалық Максим Наумовқа) өз жақындарын еске алуға рұқсат берілгенін алға тартып, ереже бәріне ортақ болуы тиіс екенін атап өтті.

Қазіргі таңда Гераскевичтің бұл қадамы үшін жарыстан шеттетілуі немесе айыппұл арқалауы мүмкін екені белгісіз қалып отыр. Айта кетейік, бұған дейін Украина Президенті Владимир Зеленский спортшыға батылдығы мен өз елінің мүддесін қорғағаны үшін алғыс білдірген болатын. Олимпиада аренасындағы бұл текетірес халықаралық спорт қауымдастығының назарын өзіне аударды.

Соңғы жаңалықтар