$ 536.32 € 626.9 ₽ 6.6

БҰҰ: Газа секторын қалпына келтіруге ондаған жыл кетуі мүмкін

Абдрахманов Мағжан
15 қазан 2025 10:39 157
БҰҰ: Газа секторын қалпына келтіруге ондаған жыл кетуі мүмкін Сурет авторы: Mahmoud Issa / Reuters

БҰҰ Газа секторында соғыс қимылдары тоқтағаннан кейін қалпына келтіру жұмыстарын дереу бастауды ұсынды. Алайда ұйым өкілдерінің айтуынша, қирандылардың көптігі соншалық – өңірді толық қалпына келтіру ондаған жылға созылуы мүмкін.

Бұл туралы 14 қазанда Женевада өткен брифингте Палестина аймақтарына көмек көрсету бағдарламасының арнайы өкілі Яко Силлиерс мәлімдеді.

Оның айтуынша, қалпына келтіруді бастау үшін алдымен қираған ғимараттардың орнын тазалау қажет. Соғыс кезінде бүлінген қалалардан 55 миллион тоннадан астам құрылыс қалдығын шығару керек.

«БҰҰ, Еуропалық одақ және Дүниежүзілік банк бірлесіп жүргізген жедел бағалау нәтижесіне сәйкес, Газа секторын қалпына келтіруге шамамен 70 миллиард доллар қажет», – деді Силлиерс.

Оның сөзінше, халықаралық ұйымдар алдымен қай аймақтарды бірінші қалпына келтіру керектігін анықтайды.

«Барлық аумақ түгелдей қалпына келтірілмеуі мүмкін. Алдағы үш жылда шамамен 20 миллиард доллар жұмсау жоспарланып отыр», – деді ол.

БҰҰ өкілі нақты мерзім атаудан бас тартты. Оның айтуынша, қалпына келтіру жұмыстары қаржыландыру көлеміне тікелей байланысты және толық аяқталуы ондаған жылға созылуы мүмкін.

Соңғы жаңалықтар