$ 499.65 € 582.89 ₽ 6.47

АҚШ-та үкіметтің жұмысы ішінара тоқтады

Абдрахманов Мағжан
01 қазан 2025 11:28 262
АҚШ-та үкіметтің жұмысы ішінара тоқтады Сурет авторы: Anadolu

1 қазан күні АҚШ-та федералды үкіметтің жұмысы ішінара тоқтады. Бұған сенатта уақытша бюджет қабылданбауы себеп болды. Бұл туралы Associated Press хабарлады.

30 қыркүйектен 1 қазанға қараған түні алдыңғы бюджет мерзімі аяқталды. Өкілдер палатасы республикашылар ұсынған уақытша қаржыландыру туралы заң жобасын мақұлдағанымен, ол сенатта қажетті 60 дауысты жинай алмады. Демократтар әзірлеген құжат та қабылданбады.

Негізгі дау денсаулық сақтау бағдарламаларына байланысты болды. Демократтар Obamacare (ACA) бағдарламасы аясындағы субсидияларды ұзартуды және Medicaid қаржыландыруын сақтауды талап етті. Республикашылар бұл мәселелерді бюджеттен тыс талқылауды ұсынды.

Нәтижесінде федералды мекемелердің бір бөлігі жұмысын тоқтатты. Жүздеген мың мемлекеттік қызметкер ақысыз демалысқа жіберілді. Пентагонда 300 мыңнан астам азаматтық қызметкер жұмысқа шықпайды, ал әскери қызметкерлер шатдаун біткенше жалақысыз қызметін жалғастырады. Білім министрлігінде тек студенттік қарыздарды қызмет көрсетуге арналған шағын штат қалады, жаңа гранттар мен тексерулер уақытша тоқтатылады. Ұлттық парктер мен мұражайлар да жабылады немесе шектеулі режимде жұмыс істейді. Дегенмен әлеуметтік төлемдер мен пошта қызметі жалғасады.

Саяси тартыс кезінде демократтар республикашыларды сынға алды. Сенаттағы демократтар көшбасшысы Чак Шумер субсидияларды тоқтату америкалық отбасылардың ай сайынғы шығынын жүздеген долларға арттыратынын айтты. Ал вице-президент Джей Ди Вэнс, керісінше, демократтарды «үкіметті кепілде ұстап отыр» деп айыптады. Өкілдер палатасындағы демократтар жетекшісі Хаким Джеффрис шатдаунға республикашылардың жауапты екенін мәлімдеді.

Бұл – соңғы жеті жылдағы алғашқы толық шатдаун. Ең ұзақ дағдарыс 2018–2019 жылдары Дональд Трамптың алғашқы президенттік мерзімінде болды. Ол кезде АҚШ үкіметі 35 күн жұмыс істемей, экономика шамамен 3 млрд доллар шығынға батқан.

Соңғы жаңалықтар