$ 479.02 € 551.11 ₽ 5.82

АҚШ Ормуз бұғазында кемелерді қорғау үшін халықаралық коалиция құруды жоспарлап отыр

Абдрахманов Мағжан
17 наурыз 2026, 10:17
АҚШ Ормуз бұғазында кемелерді қорғау үшін халықаралық коалиция құруды жоспарлап отыр Сурет авторы: Getty Images

АҚШ әкімшілігі осы аптада Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелерді сүйемелдеуге арналған халықаралық коалицияның құрылғанын жариялауға дайындалып жатыр. Бұл туралы Wall Street Journal (WSJ) және Axios басылымдары хабарлайды.

WSJ мәліметінше, бірқатар ел стратегиялық маңызы бар су жолында кемелер қауіпсіздігін қамтамасыз етуге келіскен. Дегенмен, коалицияның нақты қашан және қалай жұмыс істейтіні әлі де талқылануда. Кейбір одақтас миссияны қазіргі соғыс жағдайында бастауды қолдаса, енді бірі атыс тоқтаған соң іске кірісуді жөн санап отыр.

АҚШ президенті Дональд Трамп бұғаздағы бұғаттау жойылмаған жағдайда Иранның стратегиялық нысаны — Харк аралын басып алу мүмкіндігін қарастыруда. Айта кетсек, 13 наурызда АҚШ бұл аралға әуеден соққы берген болатын. Трамп Financial Times басылымына берген сұхбатында НАТО елдеріне сес көрсетіп, егер олар Иранға қарсы операцияда АҚШ-қа көмек бермесе, одақтың болашағы «өте жаман» болатынын ескертті.

Анықтама ретінде айта кетсек, Ормуз бұғазы — әлемдік мұнай тасымалының негізгі күре тамыры. АҚШ пен Иран арасындағы қарулы қақтығыс салдарынан бұл дәліз қазіргі уақытта жабық тұр, бұл әлемдік нарықтағы мұнай бағасының өсуіне әкелді. Көршілес Ирак елі қазірдің өзінде соғыс зардабын тартып жатса, Иран билігі позициясынан таймайтынын мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар