$ 491.97 € 583.77 ₽ 6.39

10 жылдық күрес аяқталды: Германияда ракты емдеудің жаңа әдісі табылды

Редакция
16 ақпан 2026, 09:50
10 жылдық күрес аяқталды: Германияда ракты емдеудің жаңа әдісі табылды Сурет авторы: vashdoctor31

Германияның Гейдельберг қаласындағы дәрігерлер эксперименттік иммундық жасушалық терапиядан кейін жасөспірімнің ағзасындағы ісіктің толық жойылғаны туралы алғашқы жағдайды хабарлады, деп хабарлады DW.

17 жастағы пациенттің ағзасында қазіргі таңда тірі рак жасушалары мүлдем анықталмаған. Емдеу шаралары Гейдельбергтегі Hopp-Kindertumorzentrum медициналық орталығында жүргізілді. Rheinische Post басылымының мәліметінше, Тюрингиядан келген Майло есімді жасөспірім он жылға жуық уақыт бойы қатерлі ісікпен күрескен. Бастапқыда оған бүйректің қатерлі ісігі диагнозы қойылып, кейіннен ота мен химиялық терапияға қарамастан, метастаздар бауырға, көкбауырға, өкпеге және миға таралған.

Дертпен күресудің соңғы жолы ретінде жеке бекітілген эксперименттік иммундық жасушалық терапия таңдалды. Жасушалық және гендік терапия бағытының жетекшісі, аға дәрігер Кристиан Зайцтің айтуынша, пациенттің ісік жасушаларынан ерекше белок анықталған. Бұл дәрігерлерге пациенттің жеке Т-жасушаларын осы нақты рак жасушаларын танып, жоюға бағытталған генетикалық модификация жасауға мүмкіндік берді.

Иммундық жасушалар жасөспірімнің қанынан бөліп алынып, генетикалық тұрғыдан өзгертілді және қайтадан ағзаға енгізілді.Нәтидесінде, өзгертілген Т-жасушалардың инфузиясы 2025 жылдың 2 шілдесінде жасалды. Небәрі 12 күннен кейін МРТ зерттеуі ісік ошақтарының жойыла бастағанын көрсетсе, 120 күннен соң ағзада тірі рак жасушалары мүлдем қалмаған.

Дәрігерлер бұл оқиғаның балалар онкологиясы үшін принципиалды жаңа қадам екенін атап өтті. Бұған дейін жасушалық иммундық терапия балалар арасында ресми түрде тек лейкоз (қан рагы) кезінде ғана қолданылып келген болатын.

Соңғы жаңалықтар