$ 467.58 € 543.66 ₽ 6.44

«Соғыс шыққан жеріне қайта оралып жатыр»: Зеленский Мәскеуге жасалған шабуылдарға қатысты мәлімдеме жасады

Абдрахманов Мағжан
18 мамыр 2026, 11:18
«Соғыс шыққан жеріне қайта оралып жатыр»: Зеленский Мәскеуге жасалған шабуылдарға қатысты мәлімдеме жасады Сурет авторы: AP Photo / Petros Karadjias

Украина президенті Владимир Зеленский 17 мамыр күнгі кешкі видеоүндеуінде Ресей аумағына, оның ішінде Мәскеуге жасалған соққылар соғыстың бағытын өзгертіп жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қарулы қақтығыс Ресейдің өз аумағына қайта ауысып жатыр және бұл өзге халыққа қарсы басқыншылық саясаттың зардабы екенін көрсететін нақты белгі.

Бұған дейін, 17 мамырға қараған түні Украина Қарулы күштері Мәскеу қаласы мен облысына ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы ауқымды шабуыл жасаған болатын. Шабуыл салдарынан бірнеше стратегиялық нысан, соның ішінде «Элма» технопаркі, «Ангстрем» кәсіпорны, мұнай өңдеу зауыты, әуежай және мұнай өнімдерін құю бекеті зақымданды. Аталған технопаркте негізінен электронды және оптикалық техника мен бақылау-өлшеу құралдарын шығаратын өндіріс орындары орналасқан.

Ресейдің Қорғаныс министрлігі оқиғаға қатысты түсініктеме беріп, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері бір түнде 14 аймақта, сондай-ақ Қырым мен Қара және Азов теңіздерінің акваториясында 556 дронды атып түсіргенін хабарлады. Мәскеу мэрі Сергей Собянин елордаға жақындаған 120-дан астам ұшқышсыз ұшу аппаратының жойылғанын растады.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылынан облыстың үш тұрғыны қаза тауып, Мәскеу аймағында тағы 17 адам түрлі дене жарақаттарын алған.

Соңғы жаңалықтар