$ 469.49 € 552.59 ₽ 6.24

Ресей Еуропадағы "нысаналар" тізімін жариялады

Абдрахманов Мағжан
17 сәуір 2026, 11:54
Ресей Еуропадағы "нысаналар" тізімін жариялады Сурет авторы: Sputnik / Владимир Сергеев

Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі Украина үшін соққы беруші дрондар мен олардың бөлшектерін шығарумен айналысатын еуропалық компаниялардың тізімін жариялады. 15 сәуірде жарияланған бұл құжатта Еуропаның бірнеше елінде орналасқан кәсіпорындардың нақты мекенжайлары көрсетілген.

Ресейлік ведомствоның мәліметінше, тізімге 11 украиндық кәсіпорынның Ұлыбритания, Германия, Польша, Чехия және өзге де Еуропа елдеріндегі филиалдары енген. Сонымен қатар Израиль, Түркия, Испания және Италияда орналасқан тағы 10 компания қосалқы бөлшектер шығарушы ретінде көрсетілген. Қорғаныс министрлігі бұл жарияланым еуропалық жұртшылыққа өз елдеріндегі әскери өндіріс орындарын таныту мақсатында жасалғанын мәлімдеді.

Ресей Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев аталған тізімді ресейлік әскерилер үшін «әлеуетті нысандар тізімі» деп атап, жағдайдың шиеленісуіне байланысты соққы жасалуы мүмкін екенін меңзеді. Ресей тарапы бұл мәлімдемені Украина президенті Владимир Зеленский мен Германия канцлері Фридрих Мерцтің Берлиндегі кездесуінен кейін жасады. Онда Германия Украинаға 4 миллиард еуро көлеміндегі жаңа әскери көмек пакетін беруге келіскен болатын.

Айта кетейік, Ресей билігі Батыс елдерінің Украинаға қару-жарақ жеткізуі қақтығысты тек ұзарта түсетінін бұған дейін де бірнеше рет ескерткен. Бұл жолғы тізімнің жариялануы Еуропа елдері мен Ресей арасындағы текетірестің жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді.

Соңғы жаңалықтар