$ 519.55 € 596.03 ₽ 6.63

Қытайда мемлекеттік қызметкерлерге үш адамнан артық отырып тамақ ішуге тыйым салынды

17 маусым 2025 14:47 50
Мұндай шаралар елдің әртүрлі аймағында банкеттер кезінде алкогольді шамадан тыс тұтынғаннан кейін бірнеше партия мүшесінің қаза табуына байланысты енгізілді
Қытайда мемлекеттік қызметкерлерге үш адамнан артық отырып тамақ ішуге тыйым салынды Сурет авторы: thespruce.com

Қытайда мемлекеттік қызметшілер мен партия мүшелеріне үш адамнан артық бас қосып, түскі немесе кешкі ас ішуге шектеу қойылды. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

Мұндай шаралар елдің әртүрлі аймағында банкеттер кезінде алкогольді шамадан тыс тұтынғаннан кейін бірнеше партия мүшесінің қаза табуына байланысты енгізілді. Жергілікті билік өкілдері бұл оқиғаларды жария етпеуге тырысқан. Олар марқұмдардың туыстарымен келісіп, құпия түрде өтемақы төлеген. Алайда бұл жағдайлар көпшілікке мәлім болып, нәтижесінде ондаған шенеунік тәртіптік жазаға тартылды.

Жаңартылған тәртіптік ережелер тек ішімдіктен ғана емес, сонымен қатар ысырапшылдық пен сән-салтанатқа қарсы бағытталған. Енді мемлекеттік қызметкерлерге ұжымдық корпоративтер өткізуге, қымбат көліктермен жүруге, мақсаты түсініксіз инфрақұрылым жобаларын мақұлдауға немесе бастамашы болуға тыйым салынған.

Бірақ кейбір аймақта бұл ережелер тым қатаң түрде түсіндіріліп жатыр. Мәселен, Сычуань провинциясында шенеуніктерге жұмыс күнінен кейін бірден үйге қайту міндеттелген. Аньхойда күн сайын алкогольге тест тапсыру енгізілсе, Уханда әртүрлі бөлім қызметкерлерінің бірге түстенуіне тыйым салынған. Шэньсида тіпті жұмыс үстелін гүлмен безендіруге де рұқсат жоқ.

Кейбір мемлекеттік қызметкер әлеуметтік желілерде бұл шектеулердің шектен тыс екенін айтып шағынып жатыр.

Алайда жаңа тәртіпке риза болып жатқандар да бар. Кейбір шенеунік мәжбүрлі ішкілікті дастархандардан құтылғанына қуанышты екенін айтқан. Олар бұрын бастық шақырса, бас тарту мүмкін болмағанын еске алады.

Бұл шектеулер ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин 2012 жылдан бастап жүргізіп келе жатқан "қатаң үнем" және ысырапшылдыққа қарсы күрес саясатының жалғасы болып отыр.

 
 
 

Соңғы жаңалықтар