$ 457.21 € 534.62 ₽ 6.08

Қырғызстанда Камшыбек Ташиевке «билікті күшпен басып алмақ болды» деген айып тағылды

Абдрахманов Мағжан
29 сәуір 2026, 10:31
Қырғызстанда Камшыбек Ташиевке «билікті күшпен басып алмақ болды» деген айып тағылды Сурет авторы: Игорь Коваленко / ЕРА / ТАСС

Қырғызстанда бұрынғы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы Камшыбек Ташиевке, экс-депутат Курманкул Зулушевке және Жогорку Кенештің бұрынғы төрағасы Нурланбек Тұрғынбек уулуна мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті бойынша айып тағылды, деп хабарлады 24.kg басылымы адвокат Шердор Абдыкабаровқа сілтеме жасап.

Адвокаттың айтуынша, оларға жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру және билікті күшпен басып алуға әрекеттену сияқты ауыр баптар бойынша айыптар жарияланған. Күдіктілер Ішкі істер министрлігінің бас тергеу басқармасында бірнеше сағат бойы жауап бергеннен кейін ведомство ғимаратынан кеткен.

Ресми органдар айыптардың нақты мазмұны мен тергеу барысын жариялаған жоқ. Қауіпсіздік құрылымдарындағы дереккөздер бұл іс «75-тің хаты» деп аталатын жағдаймен байланысты екенін айтады.

Еске салсақ, ақпан айында 75 адам президент Садыр Жапаровқа және парламент төрағасына мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізуді сұрап үндеу жолдаған. Осыдан кейін бірқатар кадрлық өзгеріс болды: Камшыбек Ташиев қызметінен босатылды, арнайы қызмет құрылымы қайта ұйымдастырылды, ал Нурланбек Тұрғынбек уулу мен Курманкул Зулушев депутаттық мандаттарын тапсырды.

Кейін бұл іс бойынша қылмыстық іс қозғалып, үндеуге қол қойғандардың бір бөлігі қамауға алынды. Ел басшысы бұған дейін Камшыбек Ташиев мұндай кездесулерді жоққа шығарғанын мәлімдеген. Сонымен қатар президент сайлауы белгіленген мерзімде – 2027 жылдың қаңтарында өтетіні нақтыланған.

Соңғы жаңалықтар