Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац Иранның рухани жетекшісі аятолла Әли Хаменейді Гитлерге теңеп, мұндай адам «жер бетінде болмауы тиіс» деді. Бұл туралы Times of Israel басылымы хабарлады.
«Егер Холокост кезінде Израиль мемлекеті болғанда, біз ЦАХАЛ-ды (Израиль армиясы – ред.) бункерге жіберіп, Гитлерді ұстап, еврейлерді жоюына жол бермес едік», – деді министр Иран зымыраны түскен Холон қаласына барған кезде.
«Хаменей – қазіргі заманғы Гитлер», – деп қосты Кац.
Журналистер «аятолланың көзін жою соғыс мақсаттарының қатарына кіре ме?» деген сұрақ қойды.
«Соғыстың басты мақсаты – ядролық қатерді жою, қиратушы күштердің көзін құртумен қатар зымыран шабуылдарының жолын кесу. Осы аяда ЦАХАЛ тиісті нұсқаулар алды және барлық мақсатқа жету үшін бұл адамның өмірде болмауы тиіс екенін біледі», – деп жауап берді министр.