$ 471.45 € 547.21 ₽ 6.63

Иран АҚШ-тан соғысты тоқтату жөнінде жаңа ұсыныс алғанын мәлімдеді

Редакция
21 мамыр 2026, 17:14
Иран АҚШ-тан соғысты тоқтату жөнінде жаңа ұсыныс алғанын мәлімдеді Сурет авторы: Getty Images/ugurhan

Tasnim агенттігінің хабарлауынша, АҚШ Иранға жаңа бейбіт келісім нұсқасын ұсынған. Құжат Тегеранға Пәкістан арқылы табысталған. 

Вашингтон мен Тегеран бұған дейін соғысты тоқтатуға қатысты келіссөздерді қайта жандандыру шарттарымен алмасқан. АҚШ президенті Дональд Трамп Иран ұсынылған талаптарға келіспесе, АҚШ әскери әрекеттерді жалғастыруға дайын екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Вашингтон Ираннан жауап алу үшін бірнеше күн күтуі мүмкін. 

Осы айдың басында Иран қақтығысты бейбіт жолмен реттеуге арналған 14 тармақтан тұратын ұсынысын жолдаған еді. Жоспарда шабуыл жасамау кепілдігі, Ормуз бұғазындағы шектеулерді жою, Иранның бұғатталған активтерін босату және америкалық әскерлерді Таяу Шығыстан шығару мәселелері қамтылған. Алайда Дональд Трамп Иран ұсынған шарттарды қабылдамай, Вашингтонның өз талаптарын алға тартты. АҚШ тарапы репарациялардан толық бас тартуды, Иран активтерінің тек төрттен бір бөлігін ғана босатуды, 400 келі байытылған уранды америкалықтарға өткізуді және ел аумағында бір ғана ядролық нысанның жұмыс істеуін талап еткен. 

Axios басылымының мәліметінше, Трамп бұл мәселені Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен де талқылаған. Дереккөздердің айтуынша, Нетаньяху Иранмен келіссөз жүргізу бастамасына сенімсіздікпен қарап, әскери операцияларды жалғастыруды қолдайды. 

Жарылқасын Шұғыла

Соңғы жаңалықтар