$ 546.36 € 630.44 ₽ 6.7

Бүгін Стамбулда Ресей мен Украина арасындағы келіссөздердің үшінші раунды өтеді

Абдрахманов Мағжан
23 шілде 2025 14:27 263
Бүгін Стамбулда Ресей мен Украина арасындағы келіссөздердің үшінші раунды өтеді Сурет авторы: Turkish Foreign Ministry/AFP

Ресей мен Украина делегациялары арасындағы келіссөздердің келесі кезеңі 23 шілде күні кешкі сағат 19:00-де Түркияның Стамбул қаласында өтеді. Бұл туралы Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған әкімшілігінің коммуникациялар директоратынан алынған мәліметке сүйене отырып, «Укринформ» агенттігі хабарлады.

Кездесу Бешикташ ауданындағы Чыраған сарайында өтпек.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, Стамбулда өтетін үшінші раунд барысында тараптар соғысты тоқтату шарттары жазылған екі меморандум жобасын талқылайды. Алайда Песков олардың мазмұны «мүлде қарама-қайшы» екенін атап өтті.

Украина президенті Владимир Зеленский бұған дейін алдағы кездесуде оқ атуды тоқтату, тұтқындарды кезекті рет алмастыру, сондай-ақ Ресейге заңсыз әкетілген украиналық балаларды елге қайтару мәселелері күн тәртібінде болатынын айтқан. Сонымен қатар бұл келіссөздер аясында Зеленский мен Путиннің кездесуіне дайындық басталатынын жеткізген.

"Мұндай жоғары деңгейдегі кездесулерге дейін нақты мәселелер бойынша әлі көп жұмыс істеу кере"к, – деп жауап берді Дмитрий Песков бұл пікірге қатысты .

Еске сала кетейік, Ресей мен Украина арасындағы алғашқы келіссөз 16 мамырда Стамбулдағы Долмабахче сарайында өткен болатын. Ал 2 маусымдағы екінші раунд нәтижесінде тараптар ауыр жараланған жауынгерлер мен 25 жасқа дейінгі тұтқындарды алмастыру, сондай-ақ соғыста қаза тапқан 6000 жауынгердің денесін қайтару туралы уағдаласқан еді.

Соңғы жаңалықтар