$ 464.53 € 543.73 ₽ 6.15

АҚШ пен Иран Ормуз бұғазы үшін тартысқа түсті

Абдрахманов Мағжан
05 мамыр 2026, 16:25
АҚШ пен Иран Ормуз бұғазы үшін тартысқа түсті Сурет авторы: NASA

АҚШ пен Иран Ормуз бұғазындағы жағдайға байланысты бір-біріне қарама-қайшы мәлімдемелер жасап отыр. АҚШ президенті Дональд Трамп Иран америкалық кемелерге шабуыл жасаса, қатаң жауап болатынын ескертті.

4 мамырда АҚШ «Project Freedom» операциясын бастап, Парсы шығанағында бұғатталған коммерциялық кемелердің қауіпсіз өтуіне көмектесуді қолға алған. Вашингтон мәліметінше, америкалық әскери кемелер бұғаз арқылы өтіп, әртүрлі елдердің кемелерін алып жүруде.

АҚШ Орталық қолбасшылығы Иранның алты шағын катері жойылғанын, зымырандар мен дрондар қағып түсірілгенін мәлімдеді. Сонымен қатар америкалық кемелердің зақымданбағаны айтылды.

Ал Иран тарапы бұл ақпаратты жоққа шығарып, керісінше америкалық кемелерге оқ атылғанын және олардың шегінуге мәжбүр болғанын хабарлады. Тегеран билігі Ормуз бұғазын өз бақылауында ұстап отырғанын мәлімдеді.

Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арагчи дағдарысты әскери жолмен шешу мүмкін еместігін айтып, АҚШ-ты күш қолданбауға шақырды. Парламент спикері Мохаммад Ғалибаф АҚШ әрекеттері кеме қатынасының қауіпсіздігіне қатер төндіргенін мәлімдеді.

Ормуз бұғазы әлемдік мұнай тасымалы үшін стратегиялық маңызға ие. Соңғы тәулікте қанша кеме өткеніне қатысты тәуелсіз дерек жоқ. Кейбір компаниялар кемелердің АҚШ әскери күштерінің көмегімен өткені туралы хабарлады.

Соңғы жаңалықтар