Тазалық – күнделікті әдет: ШҚО-да 100-ге жуық жас Meet Up форматында бас қосты

Редакция
13 қараша 2026, 15:01
Тазалық – күнделікті әдет: ШҚО-да 100-ге жуық жас Meet Up форматында бас қосты Сурет авторы: Баспасөз қызметі

Шығыс Қазақстан облысында «Таза Қазақстан – жастар таңдауы» атты кездесу өтті. Шара жас ұрпақтың экологиялық жауапкершілігіне арналды.

Ұйымдастырушылардың пікірінше, экологиялық мәдениет ауқымды акциялардан емес, адамның қоршаған ортаға күнделікті қарым-қатынасынан басталады. Сондықтан туған қаланың тазалығына жауапкершілікпен қарау, табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану және табиғатты қорғау бастамаларына қатысу кездесудің негізгі тақырыбына айналды.

Meet Up форматында ұйымдастырылған жиынға 100-ге жуық адам – студенттер, жастар ұйымдарының өкілдері және экологиялық бастамаларды қолдаушылар қатысты.

Спикерлер. Кездесуде Altay-pro туристік компаниясының директоры Вячеслав Орлов, «Cero» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ясса Танир және экобелсенді Нұрлат Ногайбаев сөз сөйледі. Олар қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, табиғи ресурстарға ұқыпты қарау және жастардың табиғатты қорғау жобаларына қатысуы туралы өз тәжірибесімен бөлісті.

Кездесу ашық диалог форматында өтті. Қатысушылар өзекті экологиялық мәселелерді талқылап, спикерлерге сұрақ қойып, пікір алмасты.

Еске салсақ, «Таза Қазақстан» – республикалық экологиялық бастама. Шығыс Қазақстанда ол аясында ұқсас кездесулер мен акциялар бұған дейін де өткен. Мысалы, студенттермен өткен түсіндіру кездесуінде тұрмыстық қалдықпен жауапты жұмыс істеу және экологиялық еріктілікті дамыту мәселелері қаралды.

 

Соңғы жаңалықтар