Тарифті ескертусіз өсіріп, ақылы қызмет қосып қойса не істеу керек: Оператордан ақша өндірудің жолдары

Редакция
20 қараша 2026, 09:53
Тарифті ескертусіз өсіріп, ақылы қызмет қосып қойса не істеу керек: Оператордан ақша өндірудің жолдары Сурет авторы: wfin.kz

Ұялы байланыс операторлары абоненттердің келісімінсіз-ақ тариф бағасын көтере алады. Дегенмен кейбір жағдайларда қазақстандықтар жаңа бағамен келіспей, заңсыз ұсталған ақшаны қайтарып алуға толық құқылы. Егер есепшотыңыздан әдеттегіден көп қаражат шешілсе, ең алдымен екі жайтты тексеріңіз: тарифтің өзі қымбаттады ма, әлде қосымша ақылы қызмет қосылып кетті ме? Бірінші жағдайда оператордың сізге қашан ескерткені маңызды болса, екіншісінде қызметті қосуға келісім берген-бермегеніңіз шешуші рөл атқарады.

Finprom деректеріне сүйенсек, 2020 жылдың желтоқсанынан 2026 жылдың қыркүйегіне дейін қоңырау, интернет және SMS топтамасы бар абоненттік төлем 58,4%-ға өскен. 2026 жылдың шілдесінде мұндай тарифтер бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 10%-ға қымбат болды.

Мәселен, қаңтар айында Beeline гигабайт пен минуттар көлемін өзгертпестен, архивтік тарифтердің бір бөлігінің бағасын көтерді. Ал Tele2 шілдеде «Выгодный 3» тарифінің құнын 4 400 теңгеден 5 200 теңгеге (18,2%-ға) өсірді, бірақ бағамен бірге қызмет көлемі де ұлғайды. Kcell 2025 жылдың көктемінде бірқатар тарифтерді қымбаттатуды жоспарлағанымен, абоненттердің жаппай шағымынан кейін он танымал ұсыныстың бағасын көтеруден бас тартқан еді.

Сауда министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы қазақстандықтар байланыс сапасына қатысты 2,6 мыңға жуық шағым түсірген - бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 17,7%-ға көп. Ал 2026 жылдың алғашқы жеті айында тағы 1,2 мыңға жуық өтініш тіркелген. Тұрғындар негізінен интернеттің нашарлығына, түсініксіз ақша шешілуіне және тарифтердің ескертусіз өзгеруіне шағымданады.

«Байланыс туралы» заңға сәйкес, операторлар негізделген шығындарды ескере отырып, тарифтерді өз бетінше белгілейді. Бірақ бағаны алдын ала ескертусіз өзгертуге тыйым салынған.

2026 жылдың 20 тамызынан бастап оператор тарифті көтермес бұрын кемінде күнтізбелік 60 күн ішінде абоненттің нөміріне SMS жолдап, ресми сайтында ақпарат жариялауға міндетті. Мәселен, егер тариф 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап қымбаттайтын болса, хабарлама 2026 жылдың қараша айының басынан кешіктірілмей жіберілуі тиіс.

Бұл талап бұзылса, сот арқылы әділдікке жетуге болады. Мәселен, Талдықорған соты үй интернетінің бағасын 3 499 теңгеден 5 499 теңгеге көтеруді заңсыз деп таныды. Провайдер SMS жібердім деп ақталғанымен, хабарлама келісімшартта көрсетілмеген жұбайының нөміріне кеткен болып шықты. Сот «интернетті әрі қарай пайдалану жаңа бағамен келісуді білдіреді» деген компания уәжін қабылдамады.

Сапасыз көрсетілген қызмет үшін де ақшаны өндіріп алуға болады. Бұған дейін Жетісу облысының тұрғындары Beeline операторынан төленген қаражатты қайтарып алған еді. 2025 жылдың 10 қазаны мен 19 қарашасы аралығында оларда мобильді интернет мүлде істемей, байланыс үзіле берген. Соған қарамастан оператор толық абоненттік төлем ұстап отырған. Тұрғындар Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгініп, іс сотқа дейін жетті. Нәтижесінде тараптар медиативтік келісімге келіп, абоненттерге 234 657 теңге қайтарылды.

2026 жылдың маусымынан бастап елімізде қосымша ақылы байланыс пен интернет қызметтерін қосу ережелері қатаңдатылды. Енді ол үшін клиенттің жазбаша өтініші немесе автоматты жүйе арқылы (SMS, қоңырау, жеке кабинет не USSD-сұрау) екі сатылы растауы қажет. Егер сіз тапсырыс бермеген қызмет үшін ақша шешілсе, келісімнің дәлелін талап етіп, соманы қайтаруды сұрай аласыз.

Ақшаны қайтару үшін не істеу керек?

  1. Есепшотты тексеріңіз: Оператор қосымшасына кіріп, ескі және жаңа тариф бағасын салыстырыңыз, бөгде қызметтердің бар-жоғын қарап, скриншот жасап алыңыз.

  2. Ескерту уақытын анықтаңыз: Егер хабарлама келмесе, оператордан оның нақты қашан және қандай тәсілмен жіберілгенін сұратыңыз.

  3. Шағым (претензия) жазыңыз: Мәселені сипаттап, дәлелдерді тіркеп, қайта есептеуді талап етіңіз. «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның 42-4-бабына сәйкес, оператор талаппен келіспесе, 10 күнтізбелік күн ішінде жазбаша түрде құжатпен негізделген жауап беруі тиіс (жалпы жауап беру мерзімі — 15 күн).

  4. Мемлекеттік органға жүгініңіз: Егер оператор бас тартса, e-Otinish порталы арқылы байланыс саласындағы уәкілетті органға немесе аумақтық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне шағым түсіріңіз. Интернет нашар болған жағдайда байланыс үзілген күндерді, жылдамдықты тексеру нәтижелерін және қолдау қызметімен хат алмасуларды сақтап қойған жөн.

Айта кетейік, төтенше жағдайлар туралы ескертетін Mass Alert жүйесінің хабарламаларын алу үшін мобильді интернет қажет емес және бұл қызметті операторлар толығымен тегін ұсынуға міндетті.

Соңғы жаңалықтар